$ 494.87  520.65  4.91

«Қоршауын да бұзған»: Шымкент тұрғыны зират басындағы тәртіпсіздікті жіпке тізді (ВИДЕО)

Әбдірахман мешітінің бас имамы Нәзірхан Ташходжаевтың айтуынша, бұған дейін де мұндай арыз-шағымдар болған.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Шымкент қаласының тұрғындары белгісіз біреулердің мұсылман зиратындағы қабірлерді қорлағанын айтып шағымданды. Олар тастағы суреттерді өшіріп, қоршауларды бұзып әкеткен,  деп хабарлады Otyrar.kz порталы.

Шымкенттік Нұрия Ғабдулина соңғы рет зират басына екі ай бұрын келген. Бұл жерде оның бес бірдей туысы жерленген. Осы жолы келгенде бейіттегі жағдайды көріп, жағасын ұстады.

"Осы жердегі қоршауларды, ескерткіштерді бұзып тастаған. Құлпытастағы фотоларды да өшірген. Ағамның ескерткішін тұғырынан алып, тасқа қашалған фотосуретін өшіріпті. Анам жатқан жердің қоршауын да бұзған. Ал ескерткішін тұғырынан алып, жерге қадап кеткен. Тағы бір ағамның суретін өшірген", - дейді Ғабдулина.

Әйел бәрін шырақшылардан көріп отыр. Себебі зират аумағында құлпытасқа сурет қоюға болмайтыны жазылған тақта орнатылған. Зиратта, шамамен, 100 қабір бар. Соның 11-інде марқұмның қашалған суретін өшіріп тастаған.

Әбдірахман мешітінің бас имамы Нәзірхан Ташходжаевтың айтуынша, бұған дейін де мұндай арыз-шағымдар болған. Былтыр құқық қорғау органдары келіп кетіпті. Сол кезде кінәлі адам табылып, бәрін қалпына келтіруге міндеттелген.

"Шариғат бойынша құлпытас жасатқанда қайтыс болған адамның фотосын қоймаған дұрыс. Бірақ біз оған тыйым сала алмаймыз. Адамдардың құқықтарына қол сұғуға болмайды. Тірі болсын, марқұм болсын, оларды құрметтеу – шариғаттың ережесі", - деді Ташходжаев.

Қабірі қорланғандардың туған-туыстары полицияға арыз жазды. Қылмыстық іс қозғалды. Кінәлі адамды тапса, ірі көлемде айыппұл төлеуге міндеттеледі, я болмаса, үш жылға бас бостандығынан айырылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары