Қазақстанның жоғары оқу орындарында дене шынықтыру пәні болмайды деген ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды sputnik.kz.
Бұл туралы Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Тақыр Балықбаев мәлімдеген.
"Дене шынықтыру" пәні мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарынан алынып тасталуы мүмкін деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бүгінгі күні мұндай бұйрық жоқ және бұл мәселе нақты талқыланып жатқан жоқ. Әрине, сарапшылар мен оқытушылар тарапынан мықты шешімдер, ал кейде тіпті, қисынға келмейтін ұсыныстар түсіп отырады", - деді ол.
Балықбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта университеттер академиялық еркіндікке ие. Сондықтан мұндай мәселелерді дербес, университет деңгейінде шешетін мүмкіндігі бар.
Еске сала кетсек, әлеуметтік желіде бұл мәселе қызу талқыланған болатын. Тұрғындар мұндай шешімге қарсы шықты.