$ 494.87  520.65  4.91

«Түрмедегі қылмыскерге кететін ақша жәрдемақыдан 5 есе артық» – Мәжіліс депутаты

Мемлекет үшін кім қымбат? Дәрігер, мұғалім мен ғалым болатын бала ма? Әлде, түрмеде отырған ұры, жәбірлеуші немесе пара алған шенеунік пе?
фото: ктк.kz
фото: ктк.kz

Қазақстан халық партиясының депутаттары бала күтімі бойынша берілетін жәрдемақыны көбейтуді талап етті. Бүгінде түрмедегі қылмыскерді ұстауға кететін шығын одан бес есе артық болып тұр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Әйел адам декретке шығып, 1-3 жылдай баланы күтеді. Ондайда көп жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік жоқ. Баланы үш жасқа дейін бағу қажет деген кеңестер де бар. Сол кезде ата-аналар біраз шығын шығарады. Иә, толық отбаыда әкесі жұмыс істеп, табыс табады. Ал толық емес отбасыда жағдай басқаша, проблемасы көбейеді", - деді депутат Айжан Ысқақова мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда депутат бала күтіміне арналған жәрдемақы мен түрмедегі бір қылмыскерге кететін шығынды салыстырды. Заң бойынша жұмыс істемейтін әйелдерге бірінші баласы үшін ай сайын 16 801 теңге, екінші баласы үшін 25 962 теңге төленеді. Ал бір сотталған адамды түрмеде ұстауға бюджеттен ай сайын, шамамен, 88,5 мың теңге бөлініп тұрады.

"Сонда бес есеге артық болып тұр. Түзеу мекемесінде отырған қылмыскерді күзетпен, тамақпен, киім-кешек және дәрі-дәрмекпен де қамтамасыз етеді.  Мемлекет үшін кім қымбат? Дәрігер, мұғалім мен ғалым болатын бала ма? Әлде, түрмеде отырған ұры, жәбірлеуші немесе пара алған шенеунік пе?", - деп атап көрсетті Ысқақова.

Депутат бала тууына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдердің мерзіміне де тоқталды. Бүгінде бала күтімі бойынша тағайындалатын төлемдер бір жасқа дейін төленеді. Ал жүктілік пен бала тууға қатысты әлеуметтік төлемдер тек жұмыс істейтін әйелдерге ғана беріледі.

"Жаңа туған сәбидің шығыны аз емес. Біршама уақыттан кейін бесік арба мен кереует алу қажет. Басқа да қажетті заттар бар. Ал төртінші айдан бастап тамаққа баса назар аударылады, сан алуан азық-түлік өнімдерін сатып алу қажет", - дейді Ысқақова. 

Осыған байланысты фракция депутаттары бала күтіміне байланысты жәрдемақыны ең төменгі күнкөріс деңгейіне (34 302 теңге - Sputnik) дейін көтеруді ұсынды. Ал ақылы декреттік демалысты екі жылға дейін арттыру қажет деп санайды. Одан ары қарай баланы балабақшаға беруге болады. Фракция мүшелері депутаттық сауалды үкімет басшысының орынбасары Ерлан Тоғжановқа жолдады.


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары