09.03.2021, 17:40

«Қазір Қазақстан күрделі кезеңнен өтіп жатыр» – Мәжіліс депутаты

Мемлекет пен Үкімет пандемия салдарынан туындаған мәселелерді шешу бойынша шешім қабылдады.

Мәжіліс депутаты Ләззат Рамазанова «Ұрпақтар теңдігі - күнделікті өмірдегі әйелдер құқықтарын іске асыру» тақырыбында өткен брифингте қазіргі қоғамда не маңызды екенін айтты. Оның пайымдауынша, қазір йелдер мен балалардың құқықтары маңызды, деп жазады Baq.kz.

Қазір Қазақстан көп ел сияқты күрделі кезеңнен өтіп жатыр. Пандемия кезеңінде әйелдер мен балалар құқығын қорғау ерекше маңызға ие болып отыр. Пандемия кейбір әлеуметтік проблеманы ашып берді. Мемлекет пен Үкімет пандемия салдарынан туындаған мәселелерді шешу бойынша шешім қабылдады, - деді Рамазанова. 

Депутаттың айтуынша, ұстаздардың жалақысын 2,5 есеге көбейту шешімі қабылданғанын айтты. 

«Бұл салада жұмыс істейтіндердің 70 пайызы әйелдер екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан бұл өте маңызды мәселе болып отыр, - деді ол. 

Ол атағандай, Қазақстан үшін Финляндияның тәжірибесі өте маңызды. 

«Қазір Қазақстан өзінің Әлеуметтік кодексін әзірлеу кезеңінде тұр. Бұл құжат тек әлеуметтік әлжуаз топтарға ғана емес, азаматтық қоғамға да жол көрсетпек», -  деді депутат.

Айта кетейік, іс-шараны Финляндияның Қазақстандағы елшілігі «БҰҰ-әйелдер»  құрылымымен және БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру қорымен (ЮНФПА) бірлесіп ұйымдастырды.