$ 478.96  533.03  5.22

Оңтүстікқазақстандықтар Баян-Өлгейдегі қандастарға гуманитарлық көмек жіберді

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысынан төтенше жағдайдан зардап шеккен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы қандастарымызға гуманитарлық көмек жөнелтілді. Осыдан он күн бұрын Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында орын алған жағдайға байланысты облыстың белсенді жастары өңір тұрғындарына үндеу жариялаған болатын.

Үндеуге үн қатқан алғашқылардың бірі облыс әкімі Б.Атамқұлов өз тарапынан қолдау көрсетсе, ал облыс әкімдігінің қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударды. Сонымен қатар, әкімдік көлік мәселесін шешуге, кедендік құжаттарды рәсімдеуге және басқа да ұйымдастырушылық жұмыстарға қолдау көрсетті.

Шекараның арғы жағындағы қандастарымызға облыс кәсіпкерлерінің демеушілігімен 7 тоннаға жуық ұн, 1 тонна макарон, 1000 банкі маринадталған қияр, 5000 дана шұлық және тағы басқа да азық-түлік тауарлары жолданды. Бұдан бөлек, облыс тұрғындарынан жиналған 3 млн. теңгеге зардап шеккен 5 отбасыға тұрғын-үй салу үшін құрылыс материалдары сатып алынатын болады.

Гуманитарлық көмекті Баян-Өлгей аймағына «Бізбен бірге» қоғамдық қорының төрағасы А.Аңдабаев өзі табыстап қайтатын болады. Айтулы шараны ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында атқарылып жатқан қайырымдылық шараларының бірі деуге де болады.

Естеріңізге салайық, 10 шілде күні Моңғолияның қазақтар көп шоғырланған Баян-Өлгей аймағында сел жүріп, 100-ден астам үй қирап қалды. Соңғы деректерге сәйкес, табиғи апаттан қайтыс болғандардың саны екі адамды құрап отыр. Жуырда оқиға болған жерге ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов бастаған қазақстандық делегация барып, ағайындардың жағдайымен танысып қайтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары