05.04.2021, 17:40

Зиянкестермен күреске 2 миллиард теңге бөлінді

Фото: ашық дереккөзі
Болжам бойынша, биыл республика бойынша 640 мың гектар жерді шегіртке басу қаупі бар.

Ведомство дерегінше, зиянкестермен күрес жүргізу үшін республикалық бюджеттен шамамен 2 миллиард теңге бөлінген.

Қазақстанның оңтүстік аймақтарында шегіртке сынды зиянкестерді анықтау бойынша тексерулер басталды, деп хабарлады Sputnik.kz ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік инспекция және агроөнеркәсіптік кешен комитетіне сілтеме жасап.

"Осы жылы табынды шегірткелер ошағын анықтау мақсатында шамамен 38 миллион гектар жерді тексереміз. Бұл жұмыстарға GPS навигаторды қолдану арқылы 1 230 зерттеуші мен 524 бірлік автокөлік тартылады. Сондай-ақ, шекара маңындағы аймақтарда Ресей, Қытай және Өзбекстанмен бірлесіп зерттеулер жүргізіледі", – деп жазылған хабарламада.

Белгілі болғандай, мамандар елдің оңтүстік өңірінде аталған жұмыстарға кірісіп кетті. "Көктемгі тексерулер қыстап шыққан шегіртке дернәсілдерін анықтап, қауіптілігі расталған аймақтарда химиялық өңдеу жүргізу үшін жағдайды пысықтауға мүмкіндік береді", – деп жазылған комитет хабарламасында.

Болжам бойынша, биыл республика бойынша 640 мың гектар жерді шегіртке басу қаупі бар. Зиянкестермен күрес жүргізу үшін республикалық бюджеттен шамамен 2 миллиард теңге бөлінген. Жерді химиялық өңдеу әуеден де жүргізіледі. Ол үшін 25 ұшақ пен жеңіл авиация тарту жоспарланып отыр. Өңірлерде химиялық өңдеу жүргізу шегіртке таралу ошақтарының анықталуына орай басталады. Бұл бағытта облыс әкімдіктерімен бірлесіп мониторинг және химиялық өңдеуді ұйымдастыру бойынша жұмыс жоспары бекітілді.