08.04.2021, 17:20

Каспий теңізі экологиялық апат алдында тұр

Фото: neftegaz.ru
Мамандардың айтуларынша, 25 миллион жылдық тарихы бар қарт теңіз аз уақыттың ішінде тірі мақұлығы жоқ өлі теңізге айналады.

Қойнауы қара алтынға толы еліміздің батыс өңірі экологиялық апат аймағына айналып бара жатыр. Әсіресе қазақтың маңдайына біткен жалғыз теңіз – қарт Каспийдің тағдыры адам шошырлық күйге түсіп отыр. Эколог мамандардың айтуынша, жағдай дәл осы күйінде қала берсе, 25 миллион жылдық тарихы бар Каспий бассейні түбінде Арал теңізінің тағдырын құшуы мүмкін, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Германия және Голландия елінің ғалымдарынан құралған зерттеушілер тобы 2100 жылға дейін теңіз көлемінің 23-34 пайызға дейін азайып, су деңгейінің 9-18 метрге дейін төмендеуі мүмкін екенін айтып дабыл қағып отыр. Яғни небары 70-80 жылдан кейін Каспий теңізінің үштен бір бөлігі тұзды құмға айналмақ деген сөз.

Өкініштісі, бұл болжам әзірден-ақ расқа айналып отыр. Су деңгейінің шамадан тыс төмендеуіне байланысты бекіре, көксерке секілді балық түрлері, Каспий итбалығы, моллюскалар мен шаян тәрізділердің бірталай түрлеріне жойылу қаупі төне бастады. Ең өкініштісі, бұлардың ішінде тек Каспий теңізінде ғана тіршілік ететін ерекші түрлері бар. 

Алайда экологтардың бұл ескертуіне құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Теңіздің түбін қазып, аяусыз ұңғылап жатқан мұнай өндіруші компаниялар қоршаған ортаны қорғау туралы арнайы ережелерді белінен басып, қажетінше мұнай өндіріп жатыр. Статистикалық деректерге сенсек, бүгінде Каспий қайраңында 4 мыңға жуық скважина бар екен. Мамандардың мәліметінше, олардың түгелге жуығы экология талаптарына сай келмейді. Тағы бір айта кетерлігі, қарт Каспийдің мұнайын ақылға сыймайтын қаталдықпен әрі өте тұрпайы әдіспен өндіріп жатқан скважиналардың дені Солтүстік Каспий жобасына қатысушы шетелдік компанияларларға NCOC (Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.) тиесілі болып отыр.

Ең сорақысы, аталмыш компания бұл тірліктеріне қанағат қылмай, Каспий түбін тағы да қорс-қопасын шығарып, жалпы ұзындығы 56 шақырымды құрайтын тағы екі канал қазбақшы болып жатыр. Бұл канал арқылы үлкен жүк кемелерін салып, мұнай тасымалын дамытпақ. Осы мақсатта олар Қазақстан үкіметіне Каспий табанын тереңдетуге арналған қысқа мерзімді жоба ұсынып үлгерген. NCOC компания өкілдерінің айтуынша, аталмыш жоба биылдан қалмай іске аса бастауы тиіс.

«Біз бұл жерде ең алдымен техникалық және экономикалық жағынан тиімділігіне назар аудардық. Ашып айтар болсақ, NCOC компаниясы біздің құрлықтағы порттар мен сауда аралдары арасындағы салыстырмалы түрде таяз кеме жолдарының бір бөлігін тереңдетуді көздейтін қысқа мерзімді жоба ұсынып отыр. Су жолдарын тереңдету жобасы 2021 жылдың көктемінде басталып, тағы бірнеше жылға созылады. Әрине бұл нақты әрі тұрақты шешім емес. Бірақ бұл қиын жағдайда тұрған тұрған Каспий мәселесін шешуге сонымен қатар әлі де біраз уақытқа теңіз қойнауынан мұнай өндіру және құрылыс жобаларын жалғастыруға мүмкіндік береді.

Себебі, су деңгейінің төмендеуіне байланысты кейде біздің кемелер теңіз аралдарына кіре алмай жатады. Яғни адам тасымалы ғана емес, азық-түлік, көлік бөлшектері, әр түрлі қалдықтар мен аса қажетті құрылыс материалдары нарығында біршама мәселе туындағалы отыр. Қысқаша айтқанда Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосады делініп отырған Қашағанды дамыту, жергілікті әлеуметтік қолдау,  жұмыспен қамту секілді ұзақ мерзімге негізделген жоспарларымыз аяқсыз қалғалы отыр», - дейді NCOC (Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.) жобасының басқарушы директоры Ричард Хов.

Алайда мамандар Ричард Хов көтеріп отырған бұл дүниенің өте тұрпайы, ақылға сыймайтын жоба екенін айтады. Айтуларынша, дәл осы жоба іске асатын болса, Каспий теңізі аз уақыттың ішінде тірі мақұлығы жоқ өлі теңізге айналады.

Өкініштісі, бұл мәселеге келгенде жауапты мекемелердің қолынан келер қайран жоқ секілді. Кезінде асығыс қабылданған шешімдердің кесірінен Каспий мұнайын өндіру және экспортқа шығару құқығы шетелдік трансұлттық компаниялардың қолына өтіп кеткен. Осының салдарынан құзырлы органдар ешқандай әрекет жасай алмай отыр. Керек болса, тіптен мұнай өндіретін елдердің келіссөздеріне де қатыса алмайды екен. Яғни біздің шенеуніктердің экология мәселесіне келгенде шарасыздық танытып, қандай талап қойса да шетелдіктердің ықпалына жығыла беретін осыдан болса керек.

Амалсыз, NCOC секілді алпауыттың айтқанынан шыға алмаған Экология министрлігінің басшылары жоғарыда сөз етілген құжатқа үнсіз ғана қол қойып, 25 миллион жылдық тарихы бар теңіздің түбіне жететін жобаны қабылдап жіберген. Былайғы жұрт бұдан әрине, бейхабар. Экология жанашырлары ғана шырылдап жатыр деуге болады. Олар өткен жылдың күзінен бастап бұл мәселені көтеріп, жоғарыға жеткізбек болып келеді. Алайда жоғары тараптан еш жауап болмай отыр.

Өңір экологтарының айтуынша, NCOC компаниясының қолданып отырған мұнай өндіру технологиялары бізге мүлдем сай келмейді. «Солтүстік теңіздердегі мұнай өндіру жолдарын Каспийге қолдана салуға болмайды. Ең алдымен екі жақтың тіршілігі екі басқа. Ауа-райы мен табиғи ортасы да екі бөлек. Сондықтан Каспий астынан мұнай өңдіруге басқаша қарау керек. Экваториялық өзгешеліктерін де естен шығаруға болмайды. Бұл жерде Кариб өңіріндегі әдістерді қолдану да тиімсіз. Мұның арты орны толмас экологиялық апатқа ұрындырады», - дейді олар.

«Теңіздің Атырау жағалауында Кеңес одағынан қалған кен орындары мен мұнай тартатын құрылғылар қалды. Одан шыққан улы қалдықтар теңізге жайылып жатыр. Енді оның маңынан тағы канал қазылатын болса, онда ол сол жердің табиғатына үлкен зардабын тигізеді. Біздің тиісті органдар мұны ойлап отырған жоқ. Мұнай олигархтары табиғатымызға үлкен зорлық-зомбылық жасап отыр. Мұны шешу үшін халықаралық тәуелсіз экологтарды шақырып, қоғам белсенділерін қатыстыра отырып, мұны шешудің кешенді жолдарын қарастыруымыз қажет. Егер керек болса, ол жерден мұнай шығару жұмыстарын шектеуіміз тиіс», - дейді «Байтақ-Болашақ» экоальянсының төрағасы Азаматхан Әміртай.

Табиғат жанашырларының айтуынша, Каспий теңізінің NCOC компаниясына тиесілі бұл аумақтың тереңдігі 3 ары кетсе 8 метрдей ғана. Ол жерге тіптен ауыр кеме жүргізбек түгілі, табанына күрек тигізуге болмайтын көрінеді. Яғни бұл бір қарағанда өте арзан әрі тиімді болып көрінгенімен, экологиялық зардабы өте ауыр жоба болғалы отыр. Себебі, бұл теңіз табанындағы топырақ қабатының бұзылуына, сондай-ақ қарт Каспийдің жетпес байлығы мен ешкімге ұқсамайтын, тіптен әлемнің еш жерінде жоқ қайталанбас бірегей фаунасы мен флорасының жойылуына алып келуі әбден мүмкін. 

Екіншіден, бұл аймақта күкіртті сутегі көп. Қолдан қазып тереңдету немесе Каспий теңізінің жағалау бөліктеріне үлкен кемелерді пайдаланудің салдарынан ауа мен суға улы қосындылардың тарау қаупін арттырмақ.  Сонымен қатар, кейбір мамандар Қарашығанақ, Жаңажол, Теңіз, Ақтоты, Қашаған секілді кеніштеріндегі тұз қабатында меркаптан деп аталатын исі өткір, аса улы күкіртті химиялық қосынды барын айтады. Бұдан бөлек диоксин секілді улы химиялық элемент тағы бар. 

Жалпы айтар болсақ, мамандар NCOC компаниясының заңсыз әрекеттеріне қатысты көптен бері айтып келеді. Олардың айтуынша, Каспий теңізіндегі итбалықтардың жаппай қырылуына да тура осы компаниядағы заңсыз әрекеттер мен экологияға қайшы факторлар әсер етіп отыр. NCOC компаниясының теңізде жүзген катерлерінің дыбысы итбалықтардың бір-бірін тамаққа шақырған дауысына ұқсас екені анықталған. «Сондықтан бұл мәселе кешенді шара қолдануды талап етеді. Онсыз біз, ғалымдар жүргізген зерттеуден ештеңе шықпайды. Теңізде заманауи технологияларды қолдану, қорғау аймағын құру, танкерлер маршруттарын белгілеу және қатаң сақтау керек. Жағдай осы күйімен кете берсе, көп ұзамай Каспий екінші өлі теңізге айналуы мүмкін», - дейді эколог мамандар.

Қысқасы, Каспийдің тағдыры қыл үстінде тұр деуге болады. Дер кезінде нақты шара қолданып, NCOC секілді шетелдік алпауыттардың жұмысына тыйым салмаса, үлкен экологиялық апокалипсис болғалы тұр.