Атырауда полицияға дүкенім тоналды деп хабарлама берген әйел достарым "пранк" жасады деп ақталған, деп хабарлады Sputnik Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Махамбет ауданы полиция бөлімінің 102 операторына белгісіз әйел адам қоңырау шалып, аудан орталығында орналасқан дүкеніне қарақшылық шабуыл жасалып, тоналғанын хабарлаған.
Аталған хабарлама бойынша тез арада оқиға орнында жедел тергеу тобы жіберіліп, тексеру барысында берілген хабарламаның жалған екендігі анықталды. Арыз берушінің достары "дүкенің тоналды" деп қалжыңдағаны белгілі болды. Дүкен иесі жағдайдың растығына көз жеткізбестен жалған хабарлама бергені үшін Қазақстан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 438-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
"Тұрғындарға арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақырған жағдайда 438-бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз", – деді Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.