Ақтаулық 4 жасар Ағлестің жүрегі оң жақ кеудесінде, ал бүйрегі сол жақ бүйірінде орналасқан. Десе де ішкі ағзасы керісінше жаратылған бүлдіршін өзін өте жақсы сезінеді. Мінезі ашық, пысық, қимылы шапшаң, әрі кез келген адаммен емен жарқын ашық сөйлеседі.
Кішкене қыз жұдырықтай жүрегінің оң жақ тұсында орналасқанын да жақсы біледі екен. Өйткені анасы үнемі айтып отыратын көрінеді.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Ағлес - өте сезімтал қыз. Ойы жүйрік, айтқан нәрсеңді тез жаттап, лезде қағып алады. Өлең оқуда елгезектігі бірден байқалады. Ал есептерді шығаруға келгенде қамшы салдырмайды екен. Ата-анасы, бауыр етінің ерекше қасиетін бөбекжайға барғанда-ақ байқапты. Ал, көз қуанышының алақандай жүрегі оң жақ кеудесінде орналасқанын перзентханада білген. Әуелі естігінде таңғалыпты. Қобалжу, қорқу, толқу болған. Тіпті, жақындарының күмәнмен қарағанын да жасырмады.
"Басында жақсы қабылдаған жоқ. Кішкене балаға мүсіркеп қарап, аяп деген сияқты. Кейін барлығы жақсы екенін білгеннен кейін олар да үйреніп кетті. Ал оған дейін, әрине, болды. Астанаға дейін барып, тексеруден өтіп келгенбіз. Өйткені бір жасқа дейін көп ауырды. Қазір бәрі ұмытылды", - деді анасы Ұлжан Ақжарова.
Десе де әр 3 ай сайын жүрегі мен бүйрегін медициналық тексеруден өткізіп тұратын көрінеді. Дәрігерлер де уайымдауға еш негіз жоқ деп отыр. Жүректің оң жақта орналасуы - туабітті жаратылыс. Сирек кездесетін құбылыс. Сол себепті қауіптенудің қажеті жоқ.
"Мысалы, мүшенің керісінше орналасатын кезі болады. Бұл мүшенің ысырылуына байланысты. Ол туғаннан кейін керісінше өседі. Және ол қауіп төндіруі мүмкін. Ал қазіргі уақытта бұл балада ондай қауіптілік жоқ. Яғни, ешқандай мүше ысырылып жатқан жоқ. Ол өзі солай біткен", - деді жеке меншік емхананың бас дәрігері Серік Қасым.
Жас ананың айтуынша, мұндай ерекше жағдай тұқымында алғаш рет кездесіп отыр. Жүрегі мейлі оң жағында немесе сол жағында орналассын, ең бастысы қызым аман-сау, бақытты болсын дейді.