Соңғы үш жылда Нұр-Сұлтан қаласында 31 адам суға кетіп, мерт болды. Бұл туралы суға шомылу маусымына қатысты өткен елорда әкімдігінің баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Соңғы үш жылдың статистикасы бойынша, 31 адам суға кеткен, оның 10-ы – бала. Осы кезеңде құтқарушылар қаланың су айдындарында 41 адамды, оның ішінде 9 баланы құтқарды. Жүргізілген талдау бойынша, суға кетудің негізгі себебі – қауіпсіздік ережелерін сақтамау болып отыр», - дейді Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Есен Байыров.
Оның айтуынша, елордада жыл сайын рұқсат етілмеген шомылу орындарының саны ұлғаюда. «2018 жылы суға шомылуға тыйым салынған 12 орын болса, 2019 жылы 18 орын, 2020 жылы 20 орынға жетіп отыр. Мамыр айынан бастап қала аумағында қала әкімдігімен бірлесіп 60 тыйым салу белгісі және 60 ақпараттық стенд орнатылды.
Демалыс аймақтары мен қалалық жағажайлардың иелеріне ақпараттық хаттар тапсырылды. Есіл өзеніне суға шомылуға тыйым салынатын 90 белгі, 30 ақпараттық стенд орнату жоспарланып отыр. Сондай-ақ, департамент қызметкерлері елорда тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік ережелері туралы алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Суда шомылу маусымы жыл сайын 1 маусымнан басталады. Азаматтар арнайы жабдықталған орындарда, жағажайларда, бассейндерде және құтқарушылары бар учаскелерде шомылуы керек», - дейді ол.