$ 498.34  519.72  4.85

СҚО-да жаңадан салынып жатқан үйлердің сапасын арнайы топ тексеретін болды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент әкімшілігіне Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қоныс аударған азаматтарға арналып салынған тұрғын үйлердің сапасын тексеру туралы тапсырма берген болатын.
фото: azattyq-ruhy.kz
фото: azattyq-ruhy.kz

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында қоныс аударушыларға арналған баспана құрылысының сапасын тексеретін жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің өкілдері кірді.

Жұмыс тобының мүшелері тұрғындардың барлық шағымын қарап, салынған үйлерді тексереді және сараптамалық қорытынды жасайды. Оның қорытындысы бойынша сапасыз орындалған жұмыстар түзетіледі.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 24 мамыр күні «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Заложники равнодушия» атты мақалада айтылған мәселеге назар аударып, Президент әкімшілігіне Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қоныс аударған азаматтарға арналып салынған тұрғын үйлердің сапасын тексеру туралы тапсырма берді. Тексеру жұмыстарының қорытындысы бойынша тиісті шара қолданылады.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударушыларға берілетін жәрдемақы көлемін екі есеге көбейтуді тапсырды.

Сондай-ақ 13 мамырда сенатор Әлімжан Құртаев депутаттық сауалында еліміздің оңтүстік өлкесінің тұрғындарын солтүстік аймаққа қоныстандыру жөніндегі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асу барысын сынға алды. Құртаевтың пікірінше, әкімдіктер көбінесе қоныс аударушыларға өмір сүру мен еңбек етуге лайықты жағдай жасамай отыр.

Одан бөлек, сенатор банкте несиесі бар көшіп-қонушыларға 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге несиелік демалыс беруді ұсынды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#тұрғын үй #СҚО