Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинді іздеуден жалықпаған көп балалы аналар бүгін тағы әкімдікке келді. Жиналғандар шенеуніктер осыдан екі жыл бұрын қала сыртындағы бау бақша кооперативінен елу әйелге жер телімін тегін таратып бергенін айтады.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Сол кезде жергілікті билік алты айдың ішінде барлық коммуникацияны жүргізіп береміз деген. Бірақ әлі күнге сол уәделерін орындамады деп ашынады. Айнұр Есенғалиева әкімдіктен жер алған елу көп балалы ананың бірі. Телімге қол жеткізіп қуанған отбасы бір-екі айдың ішінде үй тұрғызып, қоныстанып алған. Бірақ екі жылдан бері төрт баламмен сусыз, газсыз, жарықсыз күн көріп келеміз дейді.
Олар айтты, "біз осы жаздан шығайық, қыста ИЖС-ке документ тапсырамыз. Сіздер дачаға жатпайсыздар. ИЖС берсек, коммуникация бәрі болады. Тек кішкене шыдаңыздар" деді. Міне үш жыл болды кішкене шыдап келе жатқаныма", - деді көп балалы ана Айнұр Есенғалиева.
Қызылордалық көп балалы аналар: Әкімдікке жиналып мәселемізді айтқанда полицейлер соққыға жықты
Әкімдіктегілер берген уәдені жылдар бойы күтіп шыдамның шегіне жеттік деген әйелдер бүгін тағы әкімдікке барып шу шығарды. Сөздерінше жергілікті билік бау бақша кооперативінен жер телімін бөлгенде су, жарық, газды алты айдың ішінде тартып береміз деп сөзін берген.
"Мынау ана жаққа лақтырады, мынаумына жаққа лақтырады. Міне енді бес жылдан кейін дейді. Ол жерді үш жылға ғана беріп отыр. Үш жылдан кейін тартып алады, сосын болды ғой. Жер де жоқ, дым да жоқ. Бес баламен қаңғып қайтадан әкімдіктің алдында осылай қайта жүреміз", - деді Миуа Бекбосыноа.
Ал әкімдіктегілер екі жыл бұрын көп балалы аналарға бөлінген жер жеке тұрғын үй тұрғызу үшін емес, бау бақшамен айналысу үшін берілген деп отыр. Сондықтан ол жерге коммуникацияның тартылуы мүмкін емес екен. Ал екі жыл бұрын аналарды алдап, кімнің қандай уәде бергенін білмейміз дейді.
"Бүгінгі уақытта жердің нысаналы мақсаты бау бақша ғой. Сол себептен ол жерлерге бюджеттен инфрақұрылымға ақша бөлінбейді. Инфрақұрылым болу үшін ол жерде барлық бау бақша коллективінің статусы ИЖС болу керек", - Ақтөбе қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Сұлтан Аманчин.
Әкімдіктегілер қазір қаланың бас жоспары қайта реттеліп жатқанын айтады. Егер сол жоспарға көп балалы аналарға берілген жері кірсе, коммуникацияның тартылу - тартылмауы қаралатын болады дейді. Бірақ ол да алдағы бір екі жылдың еншісінде екен.