20.09.2016, 13:12

Талдықорғанда көпбалалы ана 8 баласымен бірге аштық жариялады

Батыр ананың мұндай қадамға баруына қалалық әкімдік тарапынан берілген үйдің 1 миллион теңгеге жуық қарызы себеп болып отыр. Бұл сома 5 жыл бойғы арендалық төлемнің қарызынан жиналып қалған. Енді қалалық ТКШ бөлімі көпбалалын әйелден үйді босатуын талап етіп отыр екен. Бұл туралы Informburo.kz порталы хабарлады.

Жазира Камолданова жергілікті билік өкілдерінің жиі мазалайтынын айтып отыр. Айлығы шайлығына жетпейтін жалғызбасты әйел жиналған қарызды төлей алмауын ақшаның тамақтан артылмайтынымен түсіндіруде. Енді ол сегіз баласымен бірге аштық жариялап отыр.

10 жыл бойы баспана кезегінде тұрған бұл отбасыға 2012 жылы үш бөлмелі пәтер арендалық негізде берілген болатын. Аренда құны - айына 18 мың теңге. Әу баста Жазираның өзі мұндай үлкен үйден бас тартқысы келген екен. Өйткені, бағасын қалтасы көтере алмайтынын білген. Алайда, әкімдіктегілер "қиналсаң көмектесеміз" деп, әйелді пәтерден бас тартпауға көндіріпті. Енді арада бес жыл өткенде көмектесеміз деген шенеуніктер керісінше, үйді қайтарып алмақшы дейді әйел.

"Былтыр әкімдік бізден аренда қарызын өндіріп алу үшін сотқа жүгінді. Сотта жауапты ретінде менімен бірге менің балаларым да есептелді. Бәлкім содан болар, процесс барысында әкімдік өз арызын кері қайтарып алды. Енді күні кеше қайтадан мені сотқа шақырып жатыр. Бұл жолы әкімдік сотқа қарызды өндіру үшін емес, пәтерді босату үшін арызданған. Бірақ, мен сегіз баламмен қайда барамын?", - дейді көпбалалы ана.

Жазира Камолданованың қазір тоғызыншы сәбиіне аяғы ауыр. Бұрынғы күйеуі еш жерде жұмыс істемегендіктен алимент төлемейді екен. Үйге кіретін табыс көзі - балалардың жәрдемақысы ғана. Оның өзі небәрі 46 мың теңгені құрайды.

"Үйімізде тоңазытқыш жоқ. Өйткені, біз ешқашан ет сатып алып жемейміз, біз үшін ол өте қымбат. Үйдегі тоғыз адамға небәрі екі кереует бар", - дейді үйдің үлкені Айдана Ғалымханқызы.

Ал, 7 жасар Айша болса анасын қолдағандықтан аштық жариялауға бел буғанын айтып отыр.

"Мен үнемі анамның уайымдап, жылап жүргенін көремін. Анамның көңілі көтерілу үшін ұзақ уақыт тамақтанбай жүруге дайынмын", - дейді періште қыз.

Қалалық тұрғынүй коммуналдық-шаруашылық бөліміндегілер Жазира Камолданованың 913 мың теңге қарызы бар екенін айтып отыр. Егер жақын уақытта ол берешегін қайтармаса мемлекет берген үйін қайта тартып алады дейді шенділер.