10.06.2021, 23:27

Петропавлда итті сойған күдіктілер ұсталды

Фото: inform.kz
Итті сойғандар 42 жастағы ер адам мен 60 жастағы әйел.

Петропавлда көпқабатты үйдің маңында итті сойғандардың кім екені анықталып, тергеу амалдары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін Петропавлда белгісіз біреулердің көпқабатты үйдің маңында итті сойғанын айтқан едік. Бейнежазба әлеуметтік желіде тарады.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, осы дерекке қатысты Петропавлда ҚР ҚК 316-бабы «Жануарларға қатігездік жасау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта Бірінші полиция бөлімінің қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу аясында жұмыс істеп жатыр.

Итті сойғандар 42 жастағы ер адам мен 60 жастағы әйел. Жедел уәкілдер оларды анықтап, ұстады.

Петропавлдағы «Фауна» қоғамдық бірлестігі өкілдері де бұл оқиға жайында пікір білдірді.

«Бүгін барлығы жантүршігерлік бейнажазбаны көрді... Бұл оңбағандарды жазалап, қылмыстық жауапқа тарту үшін барынша күш салған бойжеткенге алғыс айтамыз. Қазір мен де барып, «Фауна» ҚБ волонтерлері атынан арыз жазамын. Мұндай арыздардың көп болғаны дұрыс, сонда олар жазадан құтылып кетпейді.

2020 жылы бұл әйел бізге де келіп ит сұраған еді. Олардан бұған дейін де қаншама жануар зардап шегуі мүмкін», - дейді волонтер.

Тегтер: Петропавл