21.09.2016, 10:06

ОҚО-ның мүлдем су құбыры тартылмаған 7 елдімекені биыл таза сумен қамтылатын болды

Оңтүстік Қазақстан облысында осы күнге дейін ауыз су құбыры тартылмаған елдімекендер әлі де болса жеткілікті. Биыл солардың жетеуі таза сумен қамтылатын болады. Бұл туралы бүгін өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов облыстық мәслихаттың кезектен тыс төртінші сессиясында мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, биыл облыста 27 ауыз су нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр екен. Олардың 25-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қалған екеуі келер жылға жоспарланған.

- Су құбыры мүлдем жоқ 7 елдімекенге жаңа ауыз су құбырларының құрылысы жүргізіледі. Яғни 5,6 мың тұрғынның ауыз су проблемасы шешіледі. Сонымен қатар, 60 мыңдай халқы бар 14 елдімекендегі тозығы жеткен ауыз су жүйелері жаңартылады. Бүгінге 1 нысан іске қосылды, - дейді Бейбіт Бәкірұлы депутаттар алдында берген есебінде.

Сондай-ақ, биыл құрылысы жүргізіліп жатқан 33 газ нысандарының 12-сі пайдалануға берілді. Жылдың қорытындысымен 25 елдімекен газдандырылып, нәтижесінде, табиғи газбен қамтылған елдімекендер саны жалпы 293-ке жететін болады.

Бұлардан бөлек, 199 жол нысанының құрылыс-жөндеу жұмыстары іске асырылуда. Қазіргі таңда 45 нысан пайдалануға берілді. Жылдың қорытындысымен 179 нысанды немесе 520 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланған.