Петропавлда қаланың шалғай аудандарының бірінде қараусыз қалған жерінен табылған екі жасар баланың анасы полиция бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Еске сала кетейік, дүйсенбі күні кешке баланы жеке сектор аумағында жалғыз жүгіріп жүрген жерінен тапқан. Жергілікті тұрғын оны полицияға тапсырды. Туысқандарын іздеуді бастады.
Ювеналды полиция қызметкерлері балаға заттар мен аяқ киімдер беріп, тамақтандырды. Бала уақытша облыстық балалар ауруханасына жатқызылды.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 24 жастағы әйел 20-шы шағын ауданда құрбысының қасында болған. Жағдайды анықтау үшін қала тұрғыны Петропавл полиция басқармасына жеткізілді. Ол баланы Жұмысшы кентіндегі достарына тастап, құрбысына барған.
"Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу немесе білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау" бабы бойынша оны әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін материал жиналды. Оны ювеналды полиция бөлімшесіне профилактикалық есепке қойды", – деп түсіндірді ювеналды полиция бөлімінің бастығы Эльмира Абушева.
Жиналған материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына ұсынылып, ананы ата-ана құқығынан айыру туралы мәселе қойылады.