Өзбек билігі діни білім алып жүрген азаматтарына тағы да күдікпен қарай бастады. Елдегі шенеуніктер, Египет пен Түркиядағы елшілік өкілдері бұл қауіпті жою үшін іске бел шеше кірісті, деп жазады kznews.kz порталы.
Өзбекстан үкіметі кейінгі бірнеше айда Египетте діни оқуда жүрген 1500-ға жуық жас студенті елге қайтарған.
Бұл науқанның себебі белгісіз. Бірақ өзбек билігі Египет пен Түркияда оқып жүрген студенттерін кері қайтаруымен қатар шетелге діни оқуға кеткісі келетіндерге де бақылауды күшейтті.
Қазір Египеттегі белгілі Әл-Азхар университеті Өзбекстанның дін істері комитетінің тексерісінен өткен өзбекстандықтарды ғана оқуға қабылдап жатыр. Бұл туралы Өзбекстанның Египеттегі елшілігінің өкілі 9 маусымда Азаттықтың Өзбек қызметіне хабарлаған.
Елшілік Әл-Азхар университетінің әкімшілігі тарапынан Өзбекстаннан келген жүздеген студенттің сабаққа және емтиханға қатыспағаны жайлы хабар түскенін айтады. Каирдағы елшіліктің өкілі мұны «алаңдататын жайт» деп атады.
Азаттық радиосының Өзбек қызметі Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істейтін адам сөйлескен. Аты-жөнін атамауды сұраған ол Египеттен қайтарылған 1500 студенттің көбі Ферғана, Әндіжан және Наманган облыстарынан екенін айтқан. Бұл аймақтар Орталық Азиядағы ең консервативті діни облыстар саналады.
Өзбекстанның Египеттегі елшілігі ресми сайтына мәлімдеме жариялап, «көптеген азамат» Каирдағы «күдікті оқу орындары мен орталықтарда» оқып жүр деп алаңдаушылық білдірді.
Өзбекстан ҰҚК қызметкері көп студенттер бір апталық визамен Дубайға барып, одан әрі Египетке кететінін айтады.
Азаттықтың Өзбек қызметінің дерегінше, Түркия қауіпсіздік қызметі елдегі өзбек студенттер оқып жүрген кемі үш медресені жапқан.
Өзбек ҰҚК өкілінің сөзінше, 2021 жылдың алғашқы бес айында шекара қызметі Египеттегі діни мектептерге бармақ болған 1800 адамды тоқтатқан. Олардың көбі – жастар. Азаттықтың дереккөзі бұл жастардың көбі Египет пен Түркияға кетпек болғанын айтады. Жастарды шетелге діни оқуға кім жібергенін айтпады.
Мубашшир Ахмад – Zon.uz сайтының негізін қалаушы – 1990 жылдары Әл-Ахзар университетінде білім алған. Ол Өзбек билігінің бұл әрекетін адамдардың білім алуға деген конституциялық құқығын бұзу деп санайды.
Ахмад өзі де өзбек азаматтарына Египеттегі медреселерге білім алуға баруға көмектескен. Сөзінше, бір ай бұрын Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Египетке кеткен жүздеген азаматына іздеу жариялаған. «Қара тізімге» енгендер қатарында медреселерде сабақ беріп жүргендер де бар.
Ахмад жақында Таяу Шығыстан Өзбекстанға оралған танысы және шетелден келген басқа адамдар да діни оқуға байланысты тергелгенін айтады.
Өзбекстан бұған дейін де шетелде оқып жүрген азаматтарын елге қайтарып алған. 1997 жылы Ташкент «фундаментальды сектадағы діншілдердің арбауына түсіп қалмас үшін» Түркияда оқып жатқан 2000 студентті елге қайтарған. Олардың арасында курд сунни теологы Саид Нурсидің еңбектерін оқығандар да бар. Өзбекстан кейін Нурси жұмыстарын таратқан және оқыған адамдарды қамауға алып, қуғындаған.