Желіде Алматыда жол апатына ұшыраған жүргізушілердің дауласқан сәті түсірілген видео тарады. Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның мән-жайын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz .
Кадрлардан бірнеше ер адам апаттан кейін сөзге келіп қалғанын көруг болады, ал куәгерлер оларды арашалап жүр.
"Алматы-Арасан шатқалындағы жол апаты. Mersedes жүргізушісі мас күйде жол жиегінде тұрған екі көлікті қағып кетті. Футболкасын шешіп тастаған ер адам бәріне оқталып жүрді", - делінген видео сипаттамасында.
Алматы Полиция департаменті өкілдері жол апаты 5 шілдеде сағат шамамен 17.00-де болғанын айтты.
"А. есімді жүргізуші жол қозғалысы ережелерін, 2.4.2-бөлімнің талаптарын бұза отырып, мас күйде Mercedes маркалы көлігін басқарып, Казачка көшесімен солтүстік бағытта келе жатып Mercedes автокөлігімен соқтығысты, одан әрі BMW маркалы көлігін соқты.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі автомобиль де зақымдалды. Зардап шеккендер жоқ. Материалды Бостандық аудандық ПБ қызметкерлері өндіріске алды", - деді Алматы қаласы ПД анықтау басқармасының басшысы полиция подполковнигі Олжас Шәріпов.