Күні кеше Кентау қаласында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен білім күніне орай 200 орындық мектеп пен 100 орындық балабақша ашылып, ел игілігіне тапсырылды.
Байылдыр ауылында орналасқан №9 С.Қожанов атындағы жалпы орта мектеп жаңа заманүй үлгіде салынған. Білім ордасының ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Ә.Мақұлбаев пен облыстық «Жастар саясаты» басқарма басшысы Б.Жанәбіл ауыл тұрғындарын білім күнімен құттықтап, ұстаздар мен оқушыларға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.
Мұнда балалардың кедергісіз білім алуына барлық жағдай қарастырылған. Мәселен, салқын, ыстық су, интерактивті тақталар, ұл-қыздарға арналған еңбекке баулу құрылғылары мен бақылау видеокамералары орнатылған.
Мереке қарсаңында тұрғындарды қуанышқа бөлеген екінші нысан 100 орындық бүлдіршіндерге арналған «Ертөстік» балабақшасы. Қаланың ішінде бос тұрған ғимаратты мектепке дейінгі білім беру мекемесіне ыңғайластырып, пайдалануға берілді. Соңғы үлгіде салынған ғимаратта балаларға арналған барлық құрал жабдықпен қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, биыл Кентау қаласында жалпы мектепке баратын оқушы саны 16138 құрап отыр. Оның ішінде 1-ші сыныпқа баратын бала саны 1919 болса, 11-ші сыныпқа баратын оқушы саны 655. Өткен жылмен салыстырғанда мектепке келуші бала саны 20 пайызға өскен.