Ақмола облысында дүлей дауыл жайпап өткен екі ауылда төтенше жағдай режимі енгізілді деп жазады azattyq-ruhy.kz. Дауыл салдарынан Бестөбе мен Изобильное ауылдарындағы үйлердің шатыры ұшып кеткен. 30-дан астам үйдің астан-кестеңі шықты.
Қатты желден 17 электр бағаны мен трансформатор құлап қалған. 150-ге жуық нысан жарықсыз қалды. Қазір электр желілерін қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Алайда мамандар ауылға жарықтың қашан берілетінін нақты айта алмай отыр.
«Степногорск қаласы әкімдігі комиссия отырысын өткізу жоспарлауда. Мамандар оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Шығын толық есептеледі. Содан кейін ғана тұрғындарға материалдық көмек көрсету шешіледі», - дейді Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Доспаев.
Мамандардың дерегінше, жойқын желдің жылдамдығы секундына 25-30 метр болған. Бар-жоғы 5-10 минутқа ұзаған дауыл, үйлердің әйнектерін сындырып, қора-қопсыны жарамсыз еткен. Ал, ағаштарды тамырымен жұлып алған.
Қазір тұрғындарға келген шығын көлемі есептеліп жатыр. Оған бірнеше күн қажет екен. Ал қала әкімі зардап шеккен тұрғындарға көмек беруге уәде етті.
«Менің ойымша, екі күн ішінде біз ТЖ басқармасымен жұмыс істейміз және әлеуметтік қорғау үшін бірінші тамызда сол адамдарға ақша аударуымыз мүмкін. Ең бастысы қажетті құжаттардың барлығы заңға сәйкес болса болғаны. Өңірде залалды анықтау, сондай-ақ салдарды жою мақсатында жергілікті атқарушы органдар комиссия құрған», - Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан Бияхметов.