Қостанайлық фтизиатр дәрігер Серғазы Бердіханов видео-хабарлама түсіріп, мемлекет берген пәтерде қалай тұрып жатқанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Tengrinews” басылымына сілтеме жасап.
Фтизиатр Серғазы Бердіханов төрт жыл бұрын Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының ауруханасына әйелімен бірге жұмысқа тұрған. Жас отбасыға екі бөлмелі пәтер беріледі. Алайда көп ұзамай пәтердің төбесінен су ағып, баспананың адам тұрғысыз жері қалмаған. Бірнеше рет жөндеу жұмыстарын жүргізгенімен, сапасы сын көтермейтін ғимарат қайтадан сол қалпына келген.
"Біз мұнда көшіп келгеннен кейін, шатырдан су аға бастады. Қабырғалар үнемі ылғал болғандықтан, көгеріп кетті. Қабырғалардың көгергенінен балаларымыз да ауыра бастады", – дейді Серғазы Бердіханов. Серғазының айтуынша, ол өзінің мәселесімен аурухананың бас дәрігеріне жүгінген. Алайда ол құрғақ уәдемен сендіріпті. Отбасы пәтерді жөндеп, шатырды екі рет өз қаражатына жапқан. “Біз бұл жерге “Дипломмен ауылға” мемлекеттік бағдарламасы бойынша медициналық көмек көрсету үшін келдік. Біз көптен бері жұмыс істеп келеміз. Өмір сүруге жағдай жасалмағаны қынжылтады. Мұндай жағдайды көргендіктен ешкімнің жұмыс істегісі келмейді”, – дейді ол.
Бейімбет Майлин аудандық ауруханасының бас дәрігері Бекболат Уалиев дәрігерлер отбасының шатыры мен пәтері екі апта ішінде жөнделеді деп сендірді. "Бұл бүкіл үйге ортақ мәселе. Шатырды ерте көктемде толтырып, жөндеуді өз күшімізбен ұйымдастырамыз деп жоспарлаған едік. Пандемияға байланысты жұмысшылар таппай отырмыз. Жөндеуге қаражат бөлінбеген, сондықтан қосымша қаражат қарастыратын боламыз", – деді облыстық аурухананың бас дәрігері Бекболат Уалиев.
Әкімдіктегілер шатырдың ағып кетуіне байланысты ешқандай шағым түспегенін хабарлады. Маусымда жиналыс өткізілді, онда тұрғындарға кондоминиум құру туралы хабарланды. Сондықтан, егер бүкіл үйдің шатырын жөндеу туралы сұрақ туындаса, тұрғындар оны өз бетімен шешеді.