Алматы облысының тұрғыны Аяулым Нұрғожа кішкентай қызының дертіне алаңдаулы. Алып қашудың құрбаны болған қыз бүгінде қызының күтіміне қарап отыр. Кейіпкер басынан өткен өмір тарихын өзі баяндап берді.
Бұл туралы “Аялы алақан” бағдарламасында айтылды.
Аяулым Алматы облысы Қапшағай қаласының тұрғыны. Отбасының тұңғыш перзенті. Қалалық медициналық колледжді тәмамдаған соң ауруханада медбике болып жұмыс істеген.
“Анам бар. Анам да әскери қызметте. Үш бауырым бар. Біреуі де әскери қызметте. Екеуі кішкентай. Бірі 3 жаста, бірі 5-сыныпта оқиды”, – деді ол.
Күндердің бір күнінде 30-дан асқан жігіт суық қарудан ауыр жарақат алып, ауруханаға түседі. Оның көзі медбикеге түсіп, жас қызбен жақын араласа бастайды. Ол кезде Аяулым 20 жаста еді. Өзінен он жас үлкен емделуші ақыр соңында Аяулымды алып қашып, өзіне жар етеді.
Алып қашудың құрбаны болға Аяулым жарының кім және қандай адам екенін білмеген. Жары да ашылып ештеңе айтпаған көрінеді. Керісінше, жас қызды алдап өмір сүру алдын ала құрылған жоспары болғанға ұқсайды.
“Мен тұрмысқа шыққан соң оның бұрын істі болғанын, сотталғанын, үйленіп ажырасқанын білдім. 3 айдан кейін арамыз дұрыс болмады”, – деді Аяулым.
Аяулым құрсағына сәби біткен соң жолдасымен ажырасып, басы аманында кетуді ойлаған.Алайда күйзеліс салдарынан тұңғышын мерзімінен бұрын өмірге әкеледі. Қазір бұрынғы жолдасы істі болып, түрмеде отыр.
“32-ші аптада ота арқылы мені босандырды. Балам аппаратта жатты. Өкпесі дамымай туған еді. Айлап аппаратта жатты”, – деді ол.
Бала өмірге келе салысымен аурушаң болып туды. Оның үстіне жай ауру емес, қатерлі дерт.
“Қызымның билирубині төмен болды. Ол бауырға жауап береді. Бауыры, көкбауырының жұмыс дұрыс болмады. Үлкен дәретке бара алмайды. 11 күн дегенде әрең шығады. Дәрігерлер нақты диагноз қоя алмады. Тромбоциті де төмен болып шықты”, – деді анасы.
“Дәрігерлер нақты диагноз қойған жоқ. Нақты диагноз болмаған соң мүгедектік те берілмейді. Қызымның басқа балалар секілді күліп-ойнап жүргенін қалаймын. Дәрігерлер салғырт қарайды”, – деді ол.
Аяулым өткеніне өкінбейді. Айзерені өмірге әкелгеніне қуанады. Онсыз қазіргі өмірін елестете де алмайды. 25 жасқа толып үлгермеген жас ана қызының толығымен аурудан айығатынын біледі.
Кішкентай Айзеренің диагнозын анықтау қазақстандық дәрігерлердің қолынан келмеді.
“Дәрігерлер Өзбекстанға барып көріңдер деді. Ол жақта медицина бізден жақсы дамығанын айтты. Диагноз қою үшін Өзбекстанда 1,5-2 миллион ақша сұрады. Мен қызымның емі үшін несие көп алдым. 2 миллиондай қарызым бар. Маған қазір несие бермейді. Өзім 96 мың жалақы аламын. Оның 74 мыңын несиеге төлеймін. Қызымды қарайтын да ешкім жоқ. Көршілерге тастап кетемін. Жатақханада тұрып жатырмын. Маған үй керек емес. Қызымды Өзбекстанға апарып тексертуге көмектессеңіздер екен”, – деді жас ана.
Айзере ерекше қыз. Оған құлауға, сүрінуге болмайды. Егер денесінен қан кетсе, тоқтауы қиын. Қатты жыласа көзінен де қан кетуі мүмкін. Шарасы таусылған жалғыз басты ананың жанына желеу болайық. Кішкентай Айзеренің жазылып кетуіне сеп болайық.