16.08.2021, 17:20

Үш қызды құлдықта ұстаған оралдық тұрғын қолға түсті

фото: © AP PHOTO/MARCELO RUIZ
33 жастағы әйел мен оның екі сыбайласы үш қызды еркінен тыс интимдік қызмет көрсетуге мәжбүрлеген.

Орал полицейлері үш қызды интимдік қызмет көрсетуге мәжбүрлеген қала тұрғынын ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.

Притонды 33 жастағы әйел ұйымдастырғаны анықталды. Ол бұрын осыған ұқсас іс бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Күдікті талапқа көнбегендерді ұрып-соққан. Тіпті келушілер мен клиенттердің аты-жөні, қызметтің бағасы жазылған арнайы журнал табылды.

"БҚО ПД криминалды полиция басқармасының қызметкерлері күдікке ілінген Мәметова көшесіндегі пәтерден жезөкшелікті ұйымдастырушы мен оның 25-26 жастағы екі сыбайласын ұстады. Олар үш қызды интимдік қызмет көрсетуге мәжбүрлеген және бұл үшін ақшалай сыйақы алып отырған", – деп атап өтті полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков.

Ұстау кезінде күдіктілердің үйінен 140 000 теңге тәркіленді. Ұсталғандардың айтуынша, бұл екі күннің ақшасы.   

Интимдік қызмет көрсеткен қыздар мұны өз еркімен жасамағандарын айтты, өйткені бағынбағандарға күш қолданып келген.