23.08.2021, 15:40

Шымкентте бір айда 40-қа жуық адамды сарышаян шаққан

Фото: ашық дереккөзден
Төрт адам орташа ауыр жағдайда ауруханаға түскен.

Шымкентті сарышаяндар қаптай бастады. Қала тұрғындары үйлерінде және аулаларында осы бір шаянтәріздес жәндікті жиі кездестіретінін айтады. Осы айдың өзінде сарышаян шаққан 39 адам дәрігерге жүгінген, оның 13-і балалар. Төртеуі орташа ауыр жағдайда ауруханаға түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

«Соңғы кезде біздің үй жағымызда шаяндар көбейіп кетті. Көршілерден де сұрастырдық. Олар да шаян бар дейді. Өткенде балалар ойнап жүріп көріп қалған екен. «Тарақан, тарақан» деп айхайлаған еді, қарасақ шаян екен. Далаға шығуға қорқамыз, балаларымыз да далада ойнайды, сыртта ұйықтаймыз. Күні бойы сыртта жүреміз ғой. Балалар жеміс-жидек теріп жеуге бақшаға да кіреді. Кімнен көмек сұрайтынымызды білмейміз», - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Жанат Жарменова.

Сарышаяндармен күресуге дезинфекция қызметі көмектеседі. Араға 5-6 күн үзіліс сала отырып, оларды улау жұмысымен айналысады. Мұндай қызметтің бағасы жеке үйдің ауласының шаршы метрі үшін 150 теңгеден, ал тұрғын үйді өңдеу бағасы 430 теңгеден басталады. Мамандар сарышаяндарды бірден бірнеше үйде улау тиімді дейді.

Тегтер: Шымкент