27.08.2021, 18:20

Полигон зардабын тартқан 5 мыңнан аса адамға қаржылай көмек көрсетілмек

abai.kz
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген бұл азаматтар аталған көмекті еш қиындықсыз ала алады.

Семей полигоны ел тарихындағы аса ауыр және қасіретті жылдардың бірі болғаны жасырын емес. Оның зардабын әлі тартып келе жатқан адамдар да аз емес. Ол азамат, азаматшалардың барлығы да мемлекет тарапынан қолдау мен әлеуметтік көмекке мұқтаж екендігі айтпаса да түсінікті. Өйткені ядролық радияциядан берілген зардапты организмнен жойып тастай алмаса да, медициналық тексерістен өтіп, ем қабылдап отыру қажет. Осы орайда, Семей тұрғындарын қуантатын бір жаңалықпен бөліспек ниеттеміз.

Жаңа әлеуметтік көмек кімдерге беріледі?

2021 жылы Семей ядролық полигонының жабылу күніне дейін 5,2 мың қазақстандыққа ақшалай немесе заттай бір реттік әлеуметтік көмек берілмек. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген бұл азаматтар аталған көмекті еш қиындықсыз ала алады. Олардың қатарына ядролық сынақтарға тікелей қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ ядролық қаруды сынау нәтижесінде мүгедектікке душар болған адамдар мен олардың балалары, ата -анасының біріне берілген радиацияның әсерінен генетикалық жолмен мүгедек боп қалған жандар кіреді.

Айта кету керек, әлеуметтік көмек мөлшері жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) шешімі бойынша бюджет мүмкіндіктеріне байланысты әр өңірде жеке белгіленеді.

Жәрдемақы қанша теңге көлемінде берілмек?

Жоғарыда аталған санаттағы азаматтар ай сайын мемлекеттік мынадай арнайы жәрдемақы алады: - ядролық сынақтар мен жаттығуларға тікелей қатысқан адамдарға 6,19 айлық есептік көрсеткіш (18 057 теңге); - егер ауру, мүгедектік пен ядролық қаруды сынау арасында себептік байланыс болса, 7,55 айлық есептік көрсеткіш (22 024 теңге);

Экологиялық төтенше жағдайларда, соның ішінде ядролық жарылыстар мен сынақтарда радиациялық әсер ету нәтижесінде мүгедек боп қалған жандарға мынадай мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады: - І топ - 2,81 ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе 91 797 теңге; - ІІ топ - 2,40 ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе 78 403 теңге; - ІІІ топ - 2,01 ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе 65 663 теңге.

Сонымен қатар, бұрынғы Семей облысының аумағында және сынақ полигонына іргелес Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының аудандарында тұратын азаматтар үшін ядролық сынақтар салдарынан келтірілген зиян үшін біржолғы ақшалай өтемақы қарастырылған.

Өтемақы мөлшері аймаққа, тұру мерзіміне және өтемақы берілген күні қолданыстағы айлық есептік көрсеткіштің мәніне байланысты жеке анықталады.

Бұл жәрдемақыны қанша адам алған?

1996 жылдан 2020 жылға дейін 1,1 миллионнан астам адам 16,4 миллиард теңге көлемінде осы өтемақыны алды.

Сондай-ақ, радиациялық қауіп аумағында тұратын қазақстандықтар, егер олар радиациялық әсердің құрбаны болса, қосымша жалақы алуға және жыл сайынғы ақылы қосымша демалыс алуға құқылы. Сонымен қатар, 1949 жылдың 29 тамызынан 1963 жылдың 5 шілдесіне дейінгі аралықта экстремалды және максималды радиациялық тәуекел аймақтарында кемінде 5 жыл өмір сүргендер жасына қарай жеңілдік зейнетақы төлемдерін алуға құқылы (ерлер - 50 жас, әйелдер) - 45 жаста).