Атырау облысының Құрманғазы, Қызылқоға, Исатай, Махамбет аудандарында төрт түлік арасында мал ауруы өршіп тұр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы Zakon.kz сайтына сілтеме жасап. Аzh.kz басылымының жазуынша, облыстық ветеринариялық басқарма малдың жаппай өліп жатқанын жоққа шығарып, бірен-саран малдың ауырып тұрғанын жеткізген.
Исатай аудандық ветеринариялық станция басшысы Аққыстау ауылдық округі тұрғындары теңіз жағалауын жайлаған жылқы малының артқы аяғын баса алмай, үйірден қалып қойып жатқанын хабарлағанын айтып, бұл жағдайға байланысты мал иелеріне олардың суатын үнемі бақылауға алу жөнінде кеңес берілгенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта екі иеліктегі 4 бас жылқы малына жергілікті ветеринар мамандар симтоматикалық емдеу жүргізуде. Малдардың күйі нашар, көтерем. Малдан қан сынамалары алынып, облыстық ветеринариялық зертханаға, Ұлттық ветеринария референттік орталығына жолданды», - дейді Исатай аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Аманжол Рахметов.
Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Н. Қалиев Ақкөл және Құрманғазы округіндегі оншақты жылқы ауырғанымен неозидин, глюкоза, А, В, С дәрумендерімен емдеп жатқанын, жалпы ахуал тұрақты екенін жеткізді.
Қызылқоға ауданындағы «Ойтаң» шаруа қожалығында белгісіз аурудан 200-ден астам қой, 10 бас сиыр өлген.Шаруалар мал өлімі ақпан айының ортасында басталғанын айтып отыр.
«Мал өлімі әлі тоқтаған жоқ, күнде өледі. Аузы көбіктеніп, мұрнынан боқ ағып, азыққа қарамай жатып қалады. Не ауру екенін біле алмай отырмын. 25 ақпанда облыс орталығында өткен жиналыста мінберде тұрып, малдың ауырып өліп жатқанын айтып, комиссия жібертіп тексеруін өтінгенмін, ешкім келмеді. Тек 26 наурыз күні келіп, акт жасап, ауырған және өлген малдың қаны мен ішек-қарын сынамасын алып кетті», - «Ойтаң» шаруа қожалығының мүшесі Айбар Ерекешов.
Сол Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Айдулат Кенжебеков «АЖ» тілшісіне ауданда 809 қой мен мүйізді ірі қара ринотрахеит және вирустық диареядан ауырып жазылғанын, мал өлімі жоқтығын айтқан.