Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткізілген қайырымдылық кешінде тарих беттері парақталып, ширек ғасырда жеткен жетістіктер сараланды. 120 азаматқа дастархан жайылды. Игі шараға Кентау қаласы әкімінің орынбасары Р.Мыңбаев пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы И.Жұмабайұлы қатысып, салтанатты жиында жұртты барымызды қадірлеуге шақырды. Жылы лебіздерін жеткізіп, мүмкіндігі шектулі азаматтарға сый-сияпат жасады.
Ал, Кентау қалалық "Оқушылар үйі" мен Сейдулла Бәйтереков атындағы саз мектебінің өнерпаз жастары ерекше қойылымдар қойып, әннен шашу шашты. Бұл кештің ерекшелігі сол - мүмкіндігінің шектеулілігіне қарамастан, талантын тұншықтырмаған жандар Тәуелсіздіктің қадірін түйсік тереңіне жеткізіп, ұғындырды. Көзі көрмейді, бірақ әуелетіп ән салды... Жүрмейді, бірақ креслода отырып би биледі...
Тағдырдың сынағына қарамастан, жасуды білмейтін олар өмірге құштарлығын өнерлерімен көрсетті. «Әрбір сәтін сәулелендіріп отыруға тырысатын мұндай жандар қоғамнан ешқашан алшақтамақ емес. Біздің мақсат – жастайынан теперіш көрген жандарды қазіргі қоғамға бейімдеу, егеменді ел меретойының маңыздылығын түсіндіру»,-дейді шараны ұйымдастырған Кентау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында басталған 25 Жұлдызды күн акциясы аясында тек мерекелік шаралар ғана емес, қайырымдылық акциялар да ұйымдастырылады.