Бүгінгі сөз 04.06.2017 сағат 05:43  1766

Адам өлтіріп, жазадан оңай құтылған Мақсат Үсенов тағы да даудың ортасында (ВИДЕО)

2013 жылы көлігімен алты бірей адамды қағып, оның біреуін өлтірген Мақсат Үсеновті танымайтын жан елімізде кемде-кем. Осыншама «ауыр қылмыс» жасағанына қарамастан Қазақстанның заңы «байдың баласын» түрмеге жаба алған жоқ. Тек жүргізуші куәлігінен бірнеше жылға айырып қана қоя салған еді. Мақсат Үсенов соттың бұл шешіміне де «түкіріп», бірнеше айдан кейін көлігімен тағы бір жол апатын жасады. Ол кезде де Қазақстанның заңы «байдың баласына» айыппұл төлетуден әрі аса алған жоқ. Артынша әкесі Қажымұрат Үсенов ЭКСПО-2017 көрмесіне бөлінген қаражатты жымқырды деп ұсталды. Қылмысы дәлелденсе де сот оған ең жеңіл жаза беріп, қамаудан бас тартты.

Қысқасы, бірнеше рет істі болған Үсеновтер, атап айтқанда Мақсат Үсенов ақыры қамалып тынбай қоймайтын секілді. Бұл жолы Мақсатты Тайландың тәртіп сақшылары ұстады. Ол бүгін таңертең Бангкок бағытындағы ұшақтың бортында біраз «өнерін» көрсетіп, жолаушылар мен жолсеріктердің мазасын алған көрінеді. Бұл туралы сол ұшақта болған тележүргізуші, қоғам белсендісі Павел Коктышев өзінің Facebook-парақшасында жазды.

«Бүгін Бангкок рейсіне Мақсат Үсеновпен бірге ұштым. Ол жол бойы көршілерінің мазасын алды. Кейін жолсеріктерден темекі шегуге рұқсат сұрады, олар көнбеген соң 200 доллар ұсынып көрді. Кейін бәрібір темекісін тартты. Біраз уақыт ұйықтағаннан кейін де ол тынышталған жоқ, белбеуін тағудан, орындығының арқасын көтеруден бас тартты. Нәтижесінде, ұшақ қона салысымен оны жергілікті полицейлер алып кетті», - дейді Коктышев.

Мақсат Үсеновті бұл әрекетіне қамап тастамайтыны белгілі. Тағы да айыппұлын төлеп, ертең елге қайта оралады. Бірақ, оны түрмеге қамау үшін тағы қанша адам өліп, қаншауы мүгедек болуы керек? Тым болмағанда қоғамға қауіпті адамға «жындыханадан» жайлы орын бермеске болмайды ма? «Қазақстан сотының заңдары жұмыс істемесе, ертелі-кеш физика заңдары іске асады» дейді тағы сол Коктышев. Яғни, ұрынарға қара таппай жүрген Үсенов ертелі-кеш ақыры өз «адамына жолығады», бәрібір тиісті жазасын алады. Тек соған дейін тағы бірнеше адамды майып қылмаса екен деп тілейміз.

Айта кетейік, Қазақстан заңдары қылмыс жасаған осындай қалталы азаматтарға келгенде жұмсақтық танытатынына жұрттың еті үйрене бастады. Мәселен, жуырда ғана $1 миллион пара алып ұсталған «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығының экс-президенті Василий Ниді судья бір күнге де түрмеге қамамай, бостандыққа шығара салды.

Соңғы жаңалықтар