Экономика 28.04.2017 сағат 11:07  1133

Елбасының қабылдауында болған зиялылар Президентке қандай ұсыныс айтқандарымен бөлісті

Жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілі жазу­шылар — Бексұлтан Нұржекеев, Дулат Иса­беков және Смағұл Елубайды қабыл­даған болатын. Кездесуде Мемлекет басшы­сының таяуда жарық көрген «Болашаққа бағдар: руха­ни жаң­ғыру» атты мақаласы­ның кейбір бағыты мен басымдықтары сөз болды. Сонымен қатар, Тәуел­сіздік жылда­рында іске асырылған ірі шы­ғармашылық жобалардың маңызды мәселелері, Қазақ­стан аума­ғындағы тарихи-мәдени ескерт­кіштер мен ны­сандарды қалпына келтіруге септігін тигізген «Мәдени мұра» бағдарла­масы, сондай-ақ, әлемнің жетекші архивте­рінен елі­міз­дің тарихына қатысты құжат­тарды жүйелі түрде жинақтап, талдау жүр­гі­зуге мүмкіндік берген «Халық тарих тол­қынында» бағдарла­масы тал­қыланды.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Әңгі­ме барысында ел өмі­рі­нің мәдени-гумани­тарлық саласымен қатар, қоғамдық-саяси саладағы кең ауқымды мәселелерді қозғаған Елбасы латын әліпбиіне көшу, демография­лық ахуал, көші-қон сая­саты, үш тілде білім беру жүйесін енгізу тура­лы да жан-жақты әңгі­меледі. Кездесу соңын­да  Елбасы өнер­дің, шығарма­шы­лықтың ел-жұрт пен бүкіл қоғам өмірінде маңыз­ды орын алатынын айта келіп, зиялы қауым өкілдеріне сәттілік тіледі, сондай-ақ, оларға ел тәуелсіз­дігін нығайтуға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді. Бізде белгілі қаламгерлерге телефон шалып, кездесуден алған әсері туралы айтып беруін өтінген едік.

Қазақты әлемге танытатын әдеби мұраларымыз жетеді

Дулат ИСАБЕКОВ

– Елбасымен болған кездесуде латын әліпбиіне көшу мәселесі сөз болды. Мәселен, кириллицамен жазылған қан­шама тарихымыз, әдебиетіміз бар. Осылардың барлығын латын әрпіне кім түсіреді? Сөзсіз, оған бірнеше институттар керек болады. Биыл бірінші сыныпқа барған бала, латын­мен оқып, мектеп бітіргенде, кириллицаны танымай кетеді. Сонда ол бала өткен тарихымызды қалай білмек? Бір ғана М.Әуезовтің 50 томы бар емес пе? Қалған шығар­малар қайда қалады? 700 жазушымыз бар деп мақтанамыз. Бұл – бір.

Екінші мәселе, Елбасыға латынға тек қазақтар ғана көше ме деген сұрақ қойылды. Егер қазақ мектебі көшіп, орыс мектептер қалыс қалса, болашақ ұрпағымызды екіге бөлу болмай ма? Неге десеңіз, қазақ балаларының 70-80 пайызы орыс мектептерінде білім алады. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлынан ел аумағындағы түгел мектеп латын тіліне аударылады деген тұщымды жауап алдық.

…Тіл мәселесі, оның ішінде қаза тілінің мәртебесі туралы ойлар ортаға салынды. Өкінішке орай, бүгінде өзге театрларда қазақ авторларының туындылары сахналан­байды. Бірлі-жарым көрінеді, бірақ, қойылмайды десек те болады, әсіресе, орыс драма театрларында. Лермонтов атындағы орыс драма театры қазақ драматургтерінің спек­текльдерін қоймайды. Қазақ драматургиясы ондай деңгейге көтерілген жоқ деп есептей ме? Түсіне алмадым. Қазақ халқы толерантты боламыз деп, көбінесе өзімізді сыйлата алмайтын жалтақтау халықпыз ғой, талап қоя алмай­мыз, жасқаншақпыз. Біздің сондай халық екенімізді біліп менсінбей ме, бірлі-жарымы болмаса, көбі қазақ драма­тург­терінің шығармаларын қоймайды. Ал біздің қазақ театрлары орыс драматургтерінің шығармаларын кеңінен қояды… Осының бәрі тіл мәселесіне қатысты.

…Еліміздің сыртқы имиджін экономика, саясатпен емес, рухани байлығымызбен, ұлттық дәстүрімізбен игеретін кез жетті. Қазақты әлемге танытатын спорт пен мәдениет қана емес. Сонымен бірге, әдеби мұраларымыз.

«Мемлекет қорғауындағы ескерткіш» деген тақтаның жоқтығы айтылды

Бексұлтан НҰРЖЕКЕЕВ

– Шыны керек, біздің Елбасымен болған кездесуімізді ұйымдастырушылар соңына дейін құпия сақтап келді. Елбасының қабылдауында болатынымызды Астанаға барып қана білдік. Кездесуде әңгімені Мемлекет басшысы өзі бастады. Мұнда көтерілген барлық мәселе елге қатысты, Елбасының жақында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жөнінде өрбіді. Өз басым Елбасыға көкейде жүрген үш мәселе туралы баяндадым. Соның бірі — «Туған жер» бағдарламасы туралы болды.

Қазақ елінің тарихында неше түрлі қиын-қыстау, ауыр жағдайлар, халқымыздың рухын көтерген, кейінгі ұрпаққа үлгі болатындай ұлы жеңістер де болды. Атала­ры­мыздың жаумен шайқастағы ерліктері ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып тарап, осы күнге дейін жұрттың жадында жатталып қалды. Солардың бірі — Орбұлақ шай­қасы. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына байланысты Орбұлақ шайқасының 350 жылдығын атап өту туралы Елбасының Жарлығы шыққан болатын. Бұл ретте Алматы облысы Панфилов ауданындағы Белжайлау ала­бында ұлы жеңістің 350 жылдығына арналған той өткізілді. Ұрыс болған жердің атауы — Орбұлақ, ал оқиға Орбұлақ шайқасы деп аталып, гранит тастан белгі қойылған. Бірақ, қазір бұл мақтанышымызды  осы аймақтың басшылары өз дәрежесінде ұстап отыр ма деген сұрақ қойдым. Неге десе­ңіз, сол маңдағы ескерткіш қараусыз қалып, құрып барады. Сол жерге мемлекеттің қорғауындағы ескерткіш деген тақтаның жоқтығын айттым. Отандық тарихнамада әлі күнге дейін Жәңгір хан тұлғасына қатысты бірізділік жоқ. Әлі күнге дейін Жәңгір хан жатқан жерге бір тақтай қоя алмадық. Содан кейін туған жердің қастерлейтін ұлдары бар. Мәселен, біздер, дәлірек айтқанда,  Жаркент өңірі, Әбіл­хан Қастеев, Дәнеш ағаларымызды мақтан тұтамыз. Ол күллі қазақтың мақтанышы. Бұл ретте Елбасыға Жар­кентке кіріп барғандағы көлденең жатқан көшені Ә.Қас­теевтің атына беру керектігін айттым. Жаркенттегі басты көшелерді осы екеуіне беру керек. Мұны көрген ұрпақ бұдан тәрбие алады. Елге қызмет еткен адамды елі осылай құрметтеуі керек деген пікір білдірдім…

Елбасыға Яссауи тұлғасы жайында жазылған  сценарийімді ұсындым

Смағұл ЕЛУБАЙ

– Мемлекет басшысымен болған кездесудегі әңгіме Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының төңірегінде өрбіді. Кездесуде көп мәселе қозғалды. Соның бірі – үштілділік еді. Әркімнің бойында үміт пен күдікті тудырып отырған бұл мәселені көпшілік қауым қолдап отыр деп айту қиын. Әрине, ешбір ата-ана баласының үш тілді меңгеріп шығатынына қарсы болмайды. Мәселе – мемлекеттік тілдің жағдайы не болмақ?! Қазақты алаңдатып отырған осы мәселе. Ол-ол ма,  «үштілділік» деген сөз құлаққа «Қазақстанда үш мем­лекеттік тіл бар» дегенді айтып тұрғандай естіледі, құлаққа түрпідей тиетіні сөзсіз. Бүкіл балабақшада барлық балалар ұлтына қарамай, мемлекеттік тілде тәрбие алуы керек.  Қазақ тілінде білім беруді балабақшадан бастау керек. Қазақ­тың тілін білген ұрпақ,  кейін тарихын да, ментали­тетін де білетін болады. Қазақстандық патриотизм оянады. Сонда ғана тіл проблемасы күн тәртібінен алынып таста­лынады. …Елбасының бір идеяның төңірегінде топтасқан «қазақстандық ұлт» болуы керек дегені көңілге қонымды дүние болды. Расымен,  Қазақстанда тұратын барлық халықтар бір идеяның төңірегінде топтасқанда ғана біздің айдарымыздан жел есетіні анық дегенді тілге тиек еттік.

…Әрбір екі не үш жыл сайын бір тарихи жобаның жаса­лып тұру керектігін айттық. Өйткені, біз тарихтан ажырап қалған халықпыз. Яссауи туралы сценарий жаздым. Өйткені, А.Яссауиді қырғыздар өздеріне, ал өзбектер өздеріне тартып жатыр. Түркімендер Ашхабадта Яссауиге арнап ескерткіш те ашып қойды. Осы А.Яссауи туралы үлкен тарихи кинотуынды шығармасақ, оның біреудің қанжығасында кетпеуіне кім кепіл?! Елімізде халқымызға жат, дәстүрсіз діни идеология асқындап тұрған кезде біздің соған қарсы тұра алатын ұлттық дәстүріміздің ұлы тұлға­лық идеологиясын қоюымыз керек. Сөйтіп, кездесу бары­сында Елбасыға соңғы бір жылғы еңбегімді ұсындым. Егер ол еңбегімді Нұрсұлтан Әбішұлы мақұлдап, батасын берсе,  кинотуынды жасау іске асады деген ойдамын.

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар