Экономика 03.07.2017 сағат 03:24  595

Ұлы көшке де 25 жыл!

Жалпы, әлемде сұм соғыстың, саяси теке-тірестердің салқын зардабын тартып, халқы сергелдеңге ұшыраған елдер қаншама. Қазірде жер бетіне тарыдай шашырап кеткен қандастарын қайта бауырына басып жатқан үш мемлекет бар, олар – Германия, Израиль және Қазақстан. Әлемді жайлаған дағдарысқа байланысты бастапқы екі елдің ұлы көші біраз бәсеңдеді. Ал Қазақстандағы жағдай қандай? Бұл сұрақтың жауабы Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында қызу талқыланды.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

150 жыл Ресей империясының отарында болып, қаншама отандасынан айырылған Қазақстан үшін қуғын-сүргінге түскен қандастарын елге қайтару – маңызды мәселелердің бірі болды. Осы мақсатта тәуелсіздік алысымен 1992 жылы Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтті.

«Сан ғасырға созылған отаршылдықтың бұғауынан босанып, таяуда ғана тәуелсіздік алса да, қысқа мерзім ішінде бүкіл айдай әлем түгел мойындап, абыройы асып үлгірген Қазақстан жұртшылығы сіздерді, ардақты ағайын, туған жерде құшақ жая қарсы алып жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Мен Республика Президенті ретінде бәріңізді Дүниежүзі қазақтары Құрылтайының салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға: «Туған жерге қош келдіңіздер!» - деймін», - деген болатын сол кезде Қазақстан Президенті.

Осылайша, бөтен елді паналаған қазақтар атажұртқа ағыла бастады. Атап айтсақ, 1991-1992 жылдары Моңғолиядан 41 мың қазақ келген. 1993 жылы алыс шетелден келген қандастарымыздың саны 23 мыңнан асқан. Осы жылы Ресей, Украина, Тәжікстан елдерінен 50 мыңға жуық қазақ атамекенге оралды. Соның негізінде тек 1989-1995 жылдар аралығында елдегі қазақтардың саны 39,7%- дан 46%-ға дейін өсті. Шын мәнінде, қазақтардың жыл сайынғы өсімі оралмандар есебінен арта түсті.

Таяуда Астанада Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтті. Алғашқы құрылтайдан бері 25 жыл артта қалды. Ширек ғасырда 3 млн қазақстандық елден көшіп кетсе, 1 млн-ға жуық қазақ Қазақстанға оралыпды. Нәтижесінде, елдегі қазақтардың саны 70 пайыздан асты. Енді, бұйыртса, тамызда халық саны 18 млн-ға жетіп қалуы мүмкін. Бұл сүйінші мәліметпен Елбасы құрылтайдың ресми бөлімінде бөлісті.

«Тәуелсіздік алған кезде 17 млн халық болған. Дегенмен түрлі тарихи жағдайға байланысты елімізге қоныстанған басқа ұлт өкілдері өздерінің атамекеніне көшіп кетіп, 14 болып қалдық. Құдайға шүкір, қазір жағдайдың жақсаруына байланысты еліміздегі халық санының көбеюі артып келеді. Егерде бастапқы кезде 200 мыңнан астам бала дүниеге келетін болса, қазір жыл сайын 400 мыңнан артық сәби дүние есігін ашады. Біздің халқымыз 1 шілдеде 18 млн болады деп жариялаймын», - деді Елбасы.

Сондай-ақ, Президент V құрылтайдың ЭКСПО халықаралық көрмесі өтіп жатқан тұста ұйымдастырылу себебін түсіндірді.

«Біз әдейі осылай байланыстырдық. Себебі бұл Қазақстанның мерейін асырып, күллі әлемнің назарын аудартатын үлкен шара болып отыр. Біз бауырларымыздың Атажұрттың бүгінгі келбетін көріп, марқайсын, ой түйсін деп сіздерді ЭКСПО-ға орай шақырдық. Мынау бар болғаны 15 жылдың ішінде бой көтеріп, дүниені таңдандыратын елордамыз – Астананың өсіп-өркендеуін көрсін, қуансын деп ойладық», - деді ол.

Бұл жолы Астана төрінде бас қосқан қазақтардың 60 пайызын 35 жасқа дейінгі жастар құрады. Оның 80 пайызы мұндай ауқымдағы шараға алғаш рет қатысуда. Жиынға қатысқандардың дені ғылыми-шығармашылық және педогогикалық зиялы қауым өкілдері. Бизнес, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары салаларының мамандары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері де бар. Бәлкім, көші-қон саласында қордаланған проблемаларды шешу үшін сырттан гуманитарлық-мәдени күштерді де тарту қажет болған шығар...

V құрылтайда жұртты елең еткізген жаңалық – шетелдегі және елге көшіп келген ағайындарды қолдау үшін «Отандастар қоры» құрылатын болды. Президенттің айтуынша, кәсібін дөңгелетіп, өзгелерді жұмыспен қамтуға қауқарлы бизнесмендердің үлесімен құрылатын қордың мақсаты – атамекенге оралып, жағдайын жақсартуды көздеген қара көз қандастарға қолдау көрсету. Оны ұйымдастыру міндетін Елбасы Құрылтай басшылығына, Президент Аппаратына, Үкіметке жүктеді.

«Отандастар» қоры Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесіп, отандастарға жан-жақты қолдау мен көмек көрсету іс-шараларын анықтаудан бөлек, кезекті кешенді бағдарлама әзірлеуі тиіс. Сондықтан Дүниежүзі қазақтары құрылтайының кеңсесі басшылықтың назарында болу үшін Алматыдан Астанаға көшірілетін болды.

Осы бас қосуда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы болып қайта сайланған Назарбаев 2004 жылдан бері бірінші орынбасары болған Талғат Мамашевті қызметінен босатты. Орнына кезінде Көші-қон демография агенттігін басқарған, одан бөлек облыс әкімі, министр, елшілік қызметтерді атқарған, бір сөзбен айтқанда мемлекеттік қызметтің ыстығына ысталып, суығына шыныққан саясаткер Зауытбек Тұрысбеков тағайындалды.

Жиын барысында Елбасы бірқатар өткір проблемаларды шаншып өтті. Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрлігіне және Үкіметке шетелден атажұртқа оралуға ниеттенген қазақтарға құжат жинатып, шекарада шырғалаң туғызбауды тапсырды. Сондай-ақ, жан-жақтан жиналған оралмандардың ортақ тілін табу үшін кириллицадан латиницаға көшудің маңызын атап өтті. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру әлем қазақтарының тұтастығын қамтамасыз ететінін алға тартқан Мемлекет басшысы бұл мәселені 2025 жылға дейін соза берудің қажеті жоқ екенін баса айтты.

«Менің ойымша, мұның еш қиындығы жоқ. Себебі, 1-сыныптан бастап барлық бала ағылшын тілінде оқиды. Барлық мектепте ағылшын тілі оқытылады. Оларда латын әрпі қолданылады. Өсіп келе жатқан ұрпаққа оның еш қиындығы жоқ. Сондықтан бізге де еш қиындығы жоқ деп ойлаймын», - деді Н.Назарбаев.

Жиын аясында Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарлама аясында гуманитарлық бағыттағы ең үздік 100  оқулық қазақ тілінде шығарылатындығын атап өтті. Бұл қазақстандықтар үшін ғана емес бүкіл дүниежүзіндегі қазақтары үшін маңызды жоба екендігін баса айтты. Осы мақсатта шетелде жүрген қандастарды күллі қазақтың өрісін кеңейтіп, деңгейін көтеретін осы жобаға белсене қатысуға шақырды.

Сонымен қатар Президент шетте жүрген ағайынның ұрпағына көмек жасап, өсіп келе жатқан жастарға қолұшын беру үшін Қазақстанда жайлы жағдай жасалып жатқанын алға тартты. Әсіресе білім беру саласында қандастарымыздың жоғары білім алуларын қолжетімді ету үшін оларға бөлінетін квотаны екі есеге көбейтуді тапсырғанын еске салып өтті.

Сөз соңында Н.Назарбаев тарихи отаныма еңбек сіңіремін деген әр талантты қазақты атажұртқа тарту қажеттігіне тоқталды. ҚР Президенті сол азаматтарды елге шақырып, олардың еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау керектігін баса айтты.

«Үкімет осындай азаматтарды елге тартып, мамандығына, мүмкіндігіне қарай жағдай жасаудың тетіктерін қарастырсын. Бірақ кейде шақырамыз, келеді. Анда жүреді, мында жүреді, ешқайда қабылданбай қайтып кетеді. Ел басқарып отырған азаматтарға, министрлерге осыны (мұндай жағдайға жол бермеуді - ред.) тапсырамын», - деді Президент.

Ботакөз Мақыш

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар