Экономика 16.07.2017 сағат 15:22  1609

Біз 18 миллионға қалай жеттік?

Әлем бойынша Қазақстаннан тыс, түрлі елді паналаған 5 млн-дай қазақ бар дейді статистика. Егер «Қазақстан-2030» стратегиясының 4-ші басымдығы сәтті жүзеге асқанда, «Нұрлы көш» ойдағыдай орындалғанда, 2015 жылы қазақстандықтардың саны 20 млн-ға жетуі керек-тін. Бірақ 2017 жылы бар болғаны 18 миллионға ғана жеттік.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Халық санының аз болуы – бұл әлсіз ішкі нарық, яғни сыртқы нарыққа тәуелділік, сондай-ақ жұмыс қолының жетіспеуі, соған байланысты қажетті аймақтардың игерілмеуі, сонымен бірге елдің қорғаныс қабілетінің әлсіреуі. Сондықтан да қай елде болмасын халық санын көбейту – қоғамның негізгі мәселелерінің бірі.

Халық саны жөніндегі толық мәліметтерді халық санағы береді. Біздің елімізде халық санағы әр 10 жыл сайын ұйымдастырылады. Әр санақ аралықтарында қорытынды есеп беріліп отырады. Алғашқы жалпы халық санағы 1897 жылы, ал соңғы Қазақстан Республикасының Ұлттық санағы 2009 жылы 25 ақпаннан 6 наурыз аралығында өтті. Бұл уақыттың ішінде Қазақстан халқы 4 есе өсті. Бірақ оның динамикасы біркелкі болған жоқ, жылдам өсу айтарлықтай төмендеумен алмасып отырды.

Елдің, аймақтың, елді мекеннің халкының саны екі түрлі факторға байланысты. Бірінші фактор – туу мен өлудің нәтижесінде ұрпақ ауысуы немесе халықтың табиғи өсімі, ал екіншісі – адамдардың бір жерден екінші жерге қоныс аударуы (келу мен кету), оны халықтың механикалық қозғалысы немесе көші-қон деп атайды. Туу мен көшіп келу тұрғындар санын көбейтсе, өлу мен көшіп кету, керісінше, азайтады.

Статистикаға құлақ артсақ, тәуелсіздік алған 1991 жылы қазақстандықтардың саны 16 млн 525 мың болған. Кеңес үкіметі ыдырап, сталиндик режиммен Қазақстанға күштеп қоныстандырылған, тың игеру жылдарында қазақ жеріне өз еркімен көшіп келген жұмысшы күштер біртіндеп өз тарихи отандарына қайта бастады. Оның үстіне қиын экономикалық жағдайға тап болған жергілікті халықтың туу көрсеткіші де төмендеп кетті. Жұмыссыздық, сапалы кадр тапшылығы және тағы басқа себептер халықтың әлеуметтік жағдайын күрт төмендетіп, қылмыс, оның салдары ретінде адам өлімі өршіп кетті. Осының бәрі жинақтала келе Қазақстанның демографиялық ауқатын әлсіретіп, тәуелсіздік алғаннан кейінгі он жылда (1991-2001 жж.) халық саны әжептеуір қысқарып қалды.

1993 жылы 16 млн 986 мыңды құраған халық саны тұрақты түрде төмендеп, 2001 жылы демографиялық құлдырау шарықтау шегіне жетті. Халық саны шамамен он жыл ішінде 2 миллионға кеміп, 2001 жылы 14 млн 800 мыңды құрады.

Жері кең, халқы аз мемлекет үшін демографиялық құлдыраудың зардабы ауыр еді. Сол себепті ел президентінің қолға алған ең басты шараларының бірі – алыстағы қандастарды елге оралту болды. Осы мақсатта Алматы қаласында 1992 жылы дүние жүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы ұйымдастырылды.

«Сан ғасырға созылған отаршылдықтың бұғауынан босанып, таяуда ғана тәуелсіздік алса да, қысқа мерзім ішінде бүкіл айдай әлем түгел мойындап, абыройы асып үлгірген Қазақстан жұртшылығы сіздерді, ардақты ағайын, туған жерде құшақ жая қарсы алып жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Мен Республика Президенті ретінде бәріңізді Дүниежүзі қазақтары Құрылтайының салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға: «Туған жерге қош келдіңіздер!» - деймін», - деген болатын сол жиында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Осылайша, бөтен елді паналаған қазақтар атажұртқа ағыла бастады. Атап айтсақ, 1991-1992 жылдары Моңғолиядан 41 мың қазақ келген. 1993 жылы алыс шетелден келген қандастарымыздың саны 23 мыңнан асқан. Осы жылы Ресей, Украина, Тәжікстан елдерінен 50 мыңға жуық қазақ атамекенге оралды. Соның негізінде тек 1989-1995 жылдар аралығында елдегі қазақтардың саны 39,7%- дан 46%-ға дейін өсті. Шын мәнінде, қазақтардың жыл сайынғы өсімі оралмандар есебінен арта түсті.

«Елге ел қосылса – құт» деген бар. Қазақтың саны қазақстандықтардың жартысына да жетпей тұрған күрделі кезеңде ұлы көштің тамырына қан жүгіртіп, демографиялық ахуалды ілгерілету үшін мығым бағдарлама қажет еді. Сондай бағдарлама ретінде «Нұрлы көш» әзірленді.

2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы ҚР көші-қон саясатының 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес Президент Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен әзірленген еді. Өз қандастарын елге шақырып қоныстандыруда басқаларға үлгі болған Германия және Израиль секілді елдердің көші-қон тәжірибесіне негізделген бұл құжаттың мақсаты – шетелдегі қандастардың көшін, Қазақстан аумағында еңбек ету үшін келген Қазақстанның бұрынғы азаматтарын ұтымды қоныстандыру, жайлы жайғасуына жәрдемдесу. Тағы бір ерекшелігі ішкі және сыртқы көші-қонды қоса қамтитын біртұтас бағдарлама ретінде әзірленгендігінде болды.

Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дайындаған бірегей бағдарлама 2009-2011 жылдарды қамтып, мемлекеттік және жергілікті бюджеттен оған 197 миллиард теңге қарастырылды. «Нұрлы көш» бойынша сырттан көшіп келушілерді негізінен Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс аймақтарына қоныстандыру жоспарланды. Жалпы, үш жылда соның арқасында 60 мың отбасын, орта есеппен 300 мың адамды көшіріп алу жоспарланған болатын.

Алайда, көші-қон саласын жайлаған жемқорлық, шетелде мемлекеттік бағдарламаның әлсіз насихатталуы «Нұрлы көштің» ойдағыдай жүзеге асуына кедергі болды. Оған қоса шекарадағы заңсыз әрекеттер шетелдегі қандастарымызды елге оралу ойынан алыстатып жіберді. Салдарынан бағдарламаға құйылған қаржы өз-өзін ақтай алмай, көшіп келуші оралмандар саны күрт азайып кетті. Десе де, 2009 жылдары бағдарлама аясында Қазақстанға 53,4 мың адам келгенін айта кеткен жөн. Бірақ бұл көрсеткіш 2006 жылы көшіп келгендер санынан 20%-ға кем.

Сондай-ақ, елдің орнықты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін азаматтардың денсаулығын жақсарту мәселесі де мықтап қолға алынды. Осы мақсатта ел президенті 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы туралы Жарлыққа қол қойды. Бағдарлама, бір сөзбен айтқанда, қазақстандықтардың денсаулығын нығайтуға және халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыра отырып, жалпы және ана мен бала өлім-жітімін, сондай-ақ әлеуметтік мәні бар ауруларды төмендетуге, денсаулық сақтау саласының бәсекеге қабілетті жүйесін қалыптастыруға ықпал етуді көздеді. Оған мемлекеттік бюджеттен 360 трлн теңге қаржы қарастырылды.

Осы бағдарламаның көмегімен өмір сүру ұзақтығы 2010 жылы 68,41 жастан 2014 жылы 71,6 жасқа дейін ұзарды, жалпы, ана және бала өлім-жітімі, туберкулезге, онкологиялық және жүрек-қан тамыры ауруларына шалдығу азайды. «Саламатты Қазақстанның» арқасында демографиялық көрсеткіште оң динамика байқалып, 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламаның екінші толқыны қабылданды.

Міне, осындай тұрақты мемлекеттік қолдаудың арқасында Қазақстан халқының саны күні кеше 18 миллионға жетті. Бұл сүйінші жаңалықпен Астана төтінде өткен Дүние жүзі қазақтарының V құрылтайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бөлісті.

«Тәуелсіздік алған кезде 17 млн халық болған. Дегенмен түрлі тарихи жағдайға байланысты елімізге қоныстанған басқа ұлт өкілдері өздерінің атамекеніне көшіп кетіп, 14 болып қалдық. Құдайға шүкір, қазір жағдайдың жақсаруына байланысты еліміздегі халық санының көбеюі артып келеді. Егерде бастапқы кезде 200 мыңнан астам бала дүниеге келетін болса, қазір жыл сайын 400 мыңнан артық сәби дүние есігін ашады. Біздің халқымыз 1 шілдеде 18 млн болады деп жариялаймын», - деді Елбасы.

2017 жылдың 1 шілдесіндегі мәліметке сәйкес, Қазақстанның халық саны 18 014 200 адамды құрап, еліміз халық саны бойынша әлемдік рейтингте 63-орынға жайғасты. Жалпы, Қазақстан халық саны бойынша орташа мемлекеттер қатарына жатады.

Алтын Ақиқат

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар