Экономика 24.08.2017 сағат 19:10  945

Алматыда Шапық Шөкинге ескерткіш қойылды

Ш.Шөкин атындағы Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ғалым-энергетик, еліміздегі энергетика ғылымының негізін қалаушы, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Шапық Шөкинге ескерткіш ашылды. Шара академиктің туғанына 105 жыл толуына орайластырылған.

Шапық Шөкин – Қазақстан энергетикасын дамутыға арналған «Қазақстан энергетикасы», «Ауылшаруашылығын энергиямен қамтамасыз етудің ғылыми негіздері», -«Қазақстан энергетикасын дамытудың негіздері», «Энергетика және Қазақстанның су шаруашылығы», «Қазақстанның жылу-энергетикалық балансы» және басқа 500-ден аса ғылыми еңбектің авторы.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1996 жылы академик Шапық Шөкинге ең жоғарғы белгі – «Халық Қаһарманы» атағын берді.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Шапық Шөкиннің жаңашыл ғылыми еңбектері арқылы өз кезеңінің қоғамдық сананы жаңғыртушысы болғандығын атап өтті.

«Ол Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтының алғашқы директоры болды. Академик Шөкин басқарған кезде институт еліміздегі құнды эксперименталды базасы бар, тіпті кейбір зерттеулері бойынша әлемде баламасы жоқ ірі әрі жаңашыл ғылыми мекемеге айналды. Қазақстанның энергетика саласындағы ғылыми жаңалықтардың барлығы осы институтпен байланысты.Шапық Шөкиннің тікелей араласуымен Қазақстан энергетикасы ғылыми- техникалық болжамының кешенді жүйесі, Ертіс - Қарағанды каналының, Қапшағай гидроэлектростанциясының жобалары жасалды», - деп атап өтті Алматы әкімі.

Бұрын Алматы әкімдігі Ш. Шөкин ескерткішінің үздік эскизіне ашық конкурс жариялаған болатын. Қазақстанда қойылатын ескерткіштен мен монументтер жөніндегі Мемлекеттік комиссияның шешімімен К.Жарылғапов пен М. Азмағамбетов жасаған эскиз үлгілері үздік деп танылды.

Салтанатты шараға академиктің ұлы Қанат Шөкин, Қазақ Ұлттық академиясының президенті Мұрат Жұрынов, энергетика ғылыми-зерттеу институтының президенті Калық Абдуллаев, Алматының Қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов, ғалым-археолог Карл Байпақов, Алматы мәслихатының депутаты Нұрлан Мұхамед-Рахимов, Қазақстанның халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеев, ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері және көптеген басқалары қатысты.

Шапық Шөкіұлы Шөкин 1912 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Ол – көрнекті қазақ энергетигі, Қазақстан Республикасы ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, профессор. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. 1937 жылы Омбының С.М.Киров атындағы ауылшаруашылық институтын бітіріп, Қазақ КСР ауыл шаруашылық электрлендіру мекемесінде бөлім бастығы, бас инженер, Қазақ КСР ҒА энергетика бөлімінің меңгерушісі, Қазақ КСР ғылым академиясының энергетика институтының директоры әрі академик-секретарь, Қазақ КСР ғылым академиясының президенті және президиум мүшесі қызметтерін атқарды.

Соңғы жаңалықтар