Экономика 10.11.2017 сағат 04:04  354

Латынға көшу – көштен қалмаудың төте жолы

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын қоғам қазақ елінің рухани дамуы мен жаңаруының тұғырнамасы ретінде қабылдады, дәлірек айтсақ, ұлттық санамыз бен рухани өремізді дүр сілкіндіретін, ұлт болып ұйысуға, ел болып белді бекем бууға, ұлттық намысты ту етуге бастайтын тарихи қадам болды. Мақалада көтерілген латын әліпбиіне көшу туралы ой қазақ елін жаңа өзгерістер белесіне бастады, қоғамда үлкен қызығушылық тудырды. Демек, ұлттың рухани жаңғыруына бастайтын нақты қадамдардың алдыңғы қатарына қазақ тілі жазуын латын жазуына көшіру мәселесінің қойылып, нақты міндеттердің белгіленуі ұлттық сананы сілкінту, жаңғырту мақсатынан туындап отырғандығы анық.

Тiл тарихын бiлмей, тiлдi дамыту мүмкiн емес. Өзiнiң бүкiл саналы өмiрiн қазақ жазба тiлiн лексикалық шұбарлықтан, басқа тiлдердiң синтаксистiк ықпалынан тазартумен айналысып, қазақ тiлi ғылымын дамытқан ғалым Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы шыққан «Қазақ» газетiнiң тұңғыш санында былай деп жазады: «…Өзiмiз-дiң елiмiздi сақтау үшiн бiзге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшiн, ең алдымен, әдебиет тiлiн өркендету керек. Өз алдына ел болуға, өзiнiң тiлi, әдебиетi бар ел ғана жарай алатындығын бiз ұмытпауға тиiспiз. Бұл мәселеде бiздiң халқымыз оңды емес. Осы күнi орыс, татар мектептерiнде оқып шыққандар қазақ тiлiн елеусiз қылып, хат жазса, өзге тiлде жазып, қазақ тiлiнен алыстап барады. Бұл, әрине, жаман әдет. Егер тiлге осы көзбен қарасақ, табиғат заңына бағынбай, бiздiң ата-бабаларымыз мың жасамаса, ол уақытта тiлмен де, сол тiлге ие болған қазақ ұлтымен де мәңгi қоштасқанымыз деп бiлу керек. Егер оны iстегiмiз келмесе, осы бастан тiл, әдебиет жұмысын қолға алып, өркендететiн уақытымыз жеттi».

Тіл – халықтың ділі, жан дүниесі. Тіл – ұлттың дінін, мәдениетін, болмысы мен руханиятын тасымалдаушы құрал. Тіл ұлт күретамырындағы тіршілік көзі – қан іспетті. Оның өн бойында халықтың ділі мен діні, салты мен санасы бұрқырап тасып жатады. Ұлттың ұлт ретіндегі өмірінің қалыптасуы немесе жойылуына себеп болатын бірегей фактор да осы тіл.

Қазақ тілі – біздің рухани құндылығымыз, өркендеу жолымыз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру – еліміздің әлемдік өркениетке жетуінің басты кепілі. Ал, жаңа әліпби – бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор.

Бұл ретте дыбыстардың жүйесіне, әріптердің жаппай қабылдауға қолайлылығына мән бергеніміз жөн. Елбасы Жарлығымен бекітілген соңғы нұсқада барлығы дұрыс ойластырылған деп бағалаймын. Біздің ұлттық сана-сезім, рухани дамуымыздың даңғыл жолы қазақ тілінің жаңа әліпбиінен басталатынына еш күмән жоқ. Өйткені, дүйім жұрт жаңа әліпби арқылы әлемдік өзгерістер көшіне еркін араласа алады, өрлеу мен дамудың жаңа сатысына көтеріледі.

Ғалия Абдыханова,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың гуманитарлық-әлеуметтік
ғылымдар факультеті «филология және журналистика»
кафедрасының аға оқытушысы.

Соңғы жаңалықтар