Экономика 15.11.2017 сағат 09:04  586

Алматылық кәсіпкер шұлық шығаратын кәсіпорын ашты

Алматының Наурызбай ауданында шұлық шығаратын кәсіпорын ашылды. 25 адамды жұмыспен қамтыған шағын зауыт айына 100 мың дана өнім шығара алады.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Наурызбай ауданында жуықта ғана ашылған бұл шағын кәсіпорын ел аумағында капрон шұлық шығаратын жалғыз өндіріс орны. Қымбат құрылғылар Италиядан әкелінген. Соның арқасында жұмысшылар қысқа уақыт ішінде, сапалы өнім дайындайды. Қазір кәсіпорында 25 адам еңбектеніп жатыр. Олардың барлығы капрон шұлық шығарудан көш бастайтын, Италия елінің мамандарынан арнайы дәріс алыпты.

Кәсіпорын жұмысшылары күндіз-түні тынбай еңбектенуде. Олар қазір айына 60 мың дана шұлық өндіретін болса, келер айдан бастап өндіріс көлемін әрмен қарай арттыруды көздеп отыр. Демек, келер айдан бастап 100 мың дана шұлық шығаруды көздеуде.

Шұлық тоқитын жіптердің барлығы шет елден сатып алынады. Соған қарамастан зауыт басшылығы өнімнің құнын көтермедік дейді. Бүгінде Қазақстанда капрон шұлыққа деген сұраныс жылына 80 млн болса, бұл өндіріс ошағы әзірге соның тек 2-ақ пайызын қамтып отыр. Дегенмен, болашақта өндіріс көлемін арттырып, бұл тауармен ел нарығын барынша қамтуды көздейді. 

«Серіктесімнің Наурызбай ауданында өндіріске қолайлы ғимараты болған соң, бірлесіп осы жерден кәсіпорын ашуды ұйғардық. Мұнда кәсіпті дамытуға бар жағдай жасалған. Қажетті инфроқұрылыммен қамтылған. Келер жылы осы ғимараттың үстіңгі қабатынан тігін цехын ашып, ерлер мен әйелдерді, сондай-ақ балалардың іш киімдерін шығаруды жоспарлап отырмыз. Соның арқасында жаңа жұмыс орнын құрып, 50-ден астам адамды еңбекпен қамтамасыз етеміз», - дейді кәсіпорын директоры Серік Ахметов.

Бұл кәсіпорыннан бөлек, Наурызбай ауданында биыл тағы 4 жаңа өндіріс орны ашылды. Олар тамақ өнеркәсібі саласында жұмыс істеуде. Жыл басынан бері 800-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды. Қазір аудандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 911-ге жеткен. Бұл жас аудан құрылған уақытпен салыстырғанда 5 есеге артық. Шағын және орта бизнестің басым бөлігін жеке кәсіпкерлер құрап отыр. Бүгінде ауданда 5000-ға тарта жеке кәсіп иесі тіркелген болса, 2000-ға жуық заңды тұлға бар.

«Кәсіпкерлер санының артуы, салық түсімдерінің өсуіне ықпал етіп отыр. Биылғы жылға біздің жоспарымыз бойынша ауданнан қазынаға 4,4 млрд теңге салық түсуі керек болса, бұл жоспар артығымен орындалды. Яғни, осы 10 айдың өзінде 5,9 млрд теңге кіріс түсті. Бұл 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе көп. Жалпы, жылдық салық түсімі 130 пайызды құрайды», - деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Бағлан Дандыбаев.

Наурызбай ауданы бүгінде бизнесті дамытуға қолайлы ортаға айналып келеді. Қазірдің өзінде ауданда жасалып жатқан жағдайға қызыққан кәсіпкерлердің қарасы көп. Мұнда жол, инфрақұрылым мәселесі ретімен шешімін тауып, іскерлерді тартуға ықпал етуде.

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар