Экономика 23.11.2017 сағат 04:38  1099

Қазақстандағы автомобиль өндірісінің ахуалы қандай?

Қазақстанда сатылатын әрбір 10 автокөліктің төртеуі отандық кәсіпорындарда жиналады екен. Яғни бұл дегеніңіз, еліміздің автоөнеркәсіп саласы ауыр дағдарыстан кейін қайта аяққа тұра бастады дегенді білдіреді.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Жыл басынан бері автоөндірушілеріміз отандық нарықтың 10 пайызын жаулап үлгерген. Мұндай оң өзгерістерге ең алдымен мемлекет тарапынан өндірушілерге көрсетілген қаржылай көмек себеп.

Қазақстандық автоөндірушілер қауымдастығының мәліметінше, биыл қазан айында отандық зауыттарда құрастырылған 1988 автокөлік сатылып, өз иелерін тапқан екен. Бұл 2017 жылдың ең үздік көрсеткіші. Сондай-ақ, осымен төртінші ай қатарынан сатылым көрсеткіші тек өсіп келе жатыр. Ал, қаңтар айындағы сатылған көліктердің саны қазандағы көрсеткіштен үш есеге аз. Яғни, жыл басында баяу басталған сатылым жыл соңына қарай үлкен қарқын алған. Жалпы, биыл жылдың басынан бері елімізде 13 745 дана отандық автокөлік сатылған.

Сатылым көрсеткішімен бірге отандық автокөліктердің нарықтағы үлес салмағы да артып отыр. Мәселен, қазан айында Қазақстан аумағында сатылған су жаңа көліктердің 39,5 пайызы өз елімізде жиналған автомобильдер. Бұл тұрғыда 2017 жылдың ең үздік көрсеткіші маусым айында тіркеліп, ол 40,7 пайызға дейін жетіпті.

Жалпы биыл Қазақстандағы автомобиль өндірісімен айналысатын кәсіпорындар соңғы екі жылда болған ауыр дағдарысты еңсере бастады. Қазір нарықта отандық көліктерге деген сұраныс қайта туындап отыр. Бұған дейін еліміздің сарапшылары осынау саланың көп ұзамай құрдымға кететінін болжаған болатын. Өйткені, былтыр және алдыңғы жылдары отандық автокөлікке деген сұраныс ең төменгі көрсеткішті көрсеткен еді.

Қазақстанда жасалған автомобильдер сатылымының жандануына мемелекет қолдауы ең бірінші себепкер болып отыр. Атап айтар болсақ, сатылатын әрбір 10 отандық көліктің жетеуі екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген несиемен сатылады. Ағымдағы жылдың 10 айында осы бағдарламамен сатылған көліктердің саны 9573 дананы құрап отыр. Олардан жалпы құны 37,4 млрд теңге. Яғни, осыншама қаражатқа қазақстандықтар несиелік көлік сатып алған.

Алты айлық өсім

Соңғы алты айда сатылған отандық автокөліктер саны тұрақты түрде өсіп келе жатқанын айттық. Алайда, сол секілді шетелден импортталатын көліктерге де бұрынғыша сұраныс өте жоғары. Олардың да саны ай сайын өсіп келеді. «Қазавтоөнеркәсіп» отандық автомобиль кәсіпорындарының одағы хабарлағандай, биыл қаңтар-қазан айлары аралығында ресми дилерлер Қазақстанда 36 961 су жаңа автомобиль сатқан екен. Бұл көрсеткіш 2016 жылдың он айымен салыстырғанда 5,3 пайызға жоғары. Яғни, биыл жерлестеріміз жаңа автокөлік сатып алу үшін 893,1 миллион доллар қаражатқа шығындалған. Өткен жылмен салыстырғанда ол 33,7 пайызға көп. Ең көп сатылым қазан айына тиесілі – 4 780 дана. 2016 жылдың қазан айынан бұл көрсеткіш 24,7 пайызға көп. Ал, қаражат жағына келер болсақ, қазақстандықтар осы 4 780 дана автокөлік үшін 107,7 миллион доллар жұмсаған екен (2016 жылғы көрсеткіштен 18,2 пайызға артық).

«Қазан айын қорытындылай келе мынадай жақсы жаңалықпен бөлісуге болады: соңғы екі тоқсанда готандық автокөлік нарығы қалпына келу процесін бастан өткеріп жатыр. Тұтынушылар тарапынан сұраныстың артуына бірнеше себеп бар. Мәселен, тамыз-қазан айлары аралығында әлемде мұнай бағасы өсті. Тиісінше, қазақстандықтардың ахуалы сәл де болса тұрақталды. Осының нәтижесінде ай сайын ел тұрғындары жаңа автокөлік сатып алуға шамамен 100 миллион доллар жұмсап отырды. Егер осы екпінді жоғалтып алмасақ жыл соңына дейін барлығы 1,1 миллиард долларға 46 мың автокөлік сатылады деп жоспарлап отырмыз», – дейді «ҚазАвтоӨнеркәсіп» кеңесінің басқарма төрағасы Олег Алферов.

Бұл ретте айта кету керек, аталған Кеңес пен Қазақстандық автоөндірушілер қауымдастығының статистикалық мәліметтері екі түрлі. Қауымдастық мамандарының мәліметінше, Қазақстанда биыл 10 айда 39 009 автокөлік, соның ішінде қазан айында 5027 автокөлік сатылған екен. Дегенмен, бұл бәрібір отандық автоөнеркәсіп саласында серпінді даму бар дегенді білдіреді.

Отандық автокөлік нарығына Қытайдың ықпалы

Автомобиль өнеркәсібінде даму бар дегенімізбен, енді бұл саланың тағдырын қазақстандықтар емес, қытайлық инвесторлар шешетін секілді. Өйткені, «Allur» компаниялар тобы» АҚ (топ құрамына «Сарыарқа АвтоПром» ЖШС мен «Агромашхолдинг» АҚ, Hyundai, Chevrolet Niva, Ravon автокөліктерінің өндірушісі, Ssang Yong, Peugeot, Iveco, JAC автокөліктерінің өндірушісі мен ресми дистрибьютері, Suzuki, Mitsubishi,  Ford және Ravon көліктерінің ресми дилері кіреді) биыл 51% акциясын қытайлық China National Vehicles Import & Exsport Corporation компаниясына сату тураплы келісімге қол қойған болатын. «Аспан асты елінің» инвесторы осынау ірі зауыттардың жұмысын одан әрі жандандыру үшін 1,2 млрд доллар бөлуге дайын отыр.

«Кәсіпорынның стратегиялық инвесторы пайда болды. Қытайлық компания ауыр және ұзақ жұмысты атқаруға дайын отырғандарын айтады. Олардың 10 жыл уақыты бар. Инвесторлар алдымен кәсіпорынды дамытудың стратегиялық жоспарын әзірлеуі тиіс. Атап айтқанда, қандай маркалы автокөліктерді құрастырады, қай нарыққа сатады, оның тиімділігі мен пайдасы секілді барлық мағлұмаитты дайындаулары керек. Инвесторлар мұнан кейін бұл жоспарды біздің мемлекеттік органдармен келісіп, бекітіп алады. Бұл әу баста отырған келісімшартта көрсетілген», - дейді «Allur» компаниялар тобы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лавреньтев.

Аталған келісімшартқа Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 8-9 қараша күндері Қостанай облысына жасаған іс-сапары барысында қол қойылған. Елбасы осынау сапары барысында автоконцерннің жаңа технологиямен алғаш шығарылған автокөлігін тексеріп көрген еді. Бұл конвейерден нарыққа алғаш болып қытайлық бренд JAC S3 автокөліктері жол тартатын болады.

Осылайша, қытайлық компания өз автокөліктерінің танымалдылығын Қазақстан нарығында арттыруды көздеп отыр. Өйткені, бұған дейін қазақстандықтар көрші елден тасымалданған көліктерге соншалықты қызығушылық танытпаған екен. Мәселен, «Қазавтоөнеркәсіптің» мәліметінше, биылғы 10 айда сатылған барлық автокөліктердің тек 2%-ын (752 дана) ғана қытайлық Lifan автомобилі құраған. Сондай-ақ, JAC брендінің үлесі – 1,3% (496 дана), ал, Geely көліктеріне сұраныс мүлдем болмапты. Оның тек 34 данасын ғана қазақстандықтар сатып алған. Сондықтан, Қытай өндірушілері келер жылдан бастап отандық автокөлік нарығына айтарлықтай өзгерістер алып келуі мүмкін.

Қытайдан бөлек, Қазақстанның автокөлік нарығына бұрыннан ықпал етіп келе жатқан ресейлік АвтоВАЗ-дың бар екенін естен шығармаған жөн. Өйткені, дәл осы автоконцерннің Lada автокөліктері қазақстандықтар арасында үлкен сұранысқа ие. Мәселен, биыл 10 айда сатылған отандық автокөліктердің саны 15 мыңнан сәл асса, олардың 3 332-ін Lada 4х4 маркалы көлігі құрап отыр. Яғни, бұл қазақстандықтар арасындағы ең сұранысы жоғары бренд. Жалпы 10 айда болғансатылым тізімі мынадай:

  1. Lada 4x4 – 3332 дана
  2. Lada Granta – 1 394
  3. Lada Largus – 1 263
  4. Hyundai Elantra – 718
  5. Lada Vesta – 706
  6. Hyundai Tucson – 685
  7. RavonNexia – 447
  8. Chevrolet Cruze – 417
  9. Jac S3 – 409
  10. Lada XRAY – 398.

Өздеріңіз көріп тұрғандай, ең көп сатылған көліктердің ондығында Lada брендінің бес бірдей маркасы бар. Демек, қазақстандықтар Ресейдің автоөндірушілерін көбірек таңдайды екен. Біріншіден – бағасы қалтаға ауыртпалық сала қоймайды, екіншіден – сервисі арзан.

Осылайша, келер жылы Қазақстанның автокөлік нарығында ресейлік бренд пен қытайлық бренд арасында айтарлықтай бәсекелестік болатын сияқты. Бұл өз кезегінде тұтынушылар үшін өте де пайдалы. Бәсеке жүрген жерде тауардың, көрсетілетін қызмет түрлерінің бағасы күрт арзандайтынын білесіз.

Сөз соңында айта кету керек, биыл Қазақстанда құрастырылған автокөліктер алғаш рет экспортқа шығарыла бастады. Негізгі нарық – көрші мемлекеттер. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеген болатын.

«Қазақстанда құрастырылып жатқан автокөліктеріміз биылдан бастап шетел нарығына да сатыла бастады. Атап айтқанда, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай тұрғындары біздің зауыттарда жасалған көліктерді айдап жүр. Бұл дегеніңіз, Қазақстандағы автоөнеркәсіп саласының жаңа деңгейге көтерілгендігінің белгісі. Енді бұл сала бұған дейін қып-қызыл шығында отырса, бұдан кейін алғашқы пайдасын әкеле бастайды», - деді министр Үкімет отырысында.

Айта кетейік, 2018 жылдан бастап Қазақстанның автомобильдері Ресей мен Қытайдың нарығына кеңінен тарайды деп күтіліп отыр.

Серғали БАЛАЖАН

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар