Экономика 05.11.2018 сағат 11:03  236

Ақ Жайықта ангус артуда

Батысқазақстандық шаруалар көршілес Ақтөбе облысынан ангус тұқымды малдарды әкеліне бастады.

Нақтылап айтсақ, биылғы тамыз айынан бері Ақтөбедегі «АқТеп» ЖШС-нан Бөрлі, Қаратөбе, Жаңақала, Сырым, Шыңғырлау аудандарындағы қожалықтар асыл тұқымды ангус сиырларын «жалға алып» өсіруде. Осы уақыт аралығында тез салмақ қосатын, еті мәрмәр болатын 2128 баспақ, соның ішінде 1999-ы аналық, 129-ы аталық мал әкелінген. Аудандардың ішінен ең көп мал алған - Бөрлі ауданы. Бұл аудандағы 6 шаруашылық 800 аналық, 48 бұқа әкеп, өсіруде.

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысының орыбасары Сатқан Өмірзақовтың айтуынша, «АқТеп» өзінің «Ірі қараны жалға беру» ішкі бағдарламасы бойынша асыл мал өсіргісі келетін шаруашылыққа 100 аналықты және 6 бұқаны жеті жылға жалға береді. Оның үстіне серіктестік бұқаны екі жыл сайын жаңасына ауыстырып тұрады.

- Қожалық жалға алған малды кері «АқТеп»-ке 7 жылдың ішінде қайтаруы тиіс. АҚШ-тың Солтүстік Дакота штатынан ангус тұқымды 100 аналық алатын болсаңыз, оның әр басы сертификатымен 850 мың теңгеге шығады. Ал 100 бас 85 миллион теңге тұрады. Ондай қаржы көп шаруаларда жоқ. Ал «АқТеп»-тің аталмыш бағдарламасы тиімді. Иә, олардың талабы қатаң, олай болмаса тағы болмайды. Қазір серіктестіктің бағдарламасының арқасында Бөрлі ауданына 1 млрд. теңге тұратын асыл мал келді. Алдымен серіктестіктегілер мал алғысы келетін шаруалармен сөйлесіп, ол туралы ел-жұртпен пікірлеседі. Көшедегі көлденең көк аттыға асыл малды ұстата салмайтыны айдан анық. Малды жалға берушінің талаптары бойынша мал өсірушінің кемінде әр басқа 20 гектардан жайылым жері, жем-шөп дайындайтын базасы, техникасы сайма-сай болуы тиіс. Ангус тұқымды малға суды емін-еркін жүріп ішетіндей жағдай жасалуы керек. Бұл малға қысқы суықта қораның қажеті жоқ, ықтасын болса, жарап жатыр. Өйткені Солтүстік Дакота мен өңіріміздің климаты ұқсас. Ең басты артықшылығы серіктестіктің ветеринар маманы асыл малды күтудің жай-жапсарын түсіндіреді, тегін кеңесін береді. Ал қажетті дәрі-дәрмек, дәрумендерін нарықтағыдай емес, өз қақына ұсынады. Шаруа адамы тек жалға алынған малды дұрыс бағып, мал басын асылдандыру жолында тер төгуі керек, - деді Бөрлі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алтынбек Бексейітов.

Мамандардың айтуынша, «АқТеп»-тің жеке бағдарламасының басты артықшылығы, ол екінші деңгейдегі банктер мен несие институттары сықылды малыңды да, мүлкіңді кепілдікке сал деп қинамайды, пайыздық өсім деген жоқ. Орта есеппен 7 жыл ішінде 100 аналықтан 600 төл алынатын болса, соның 100 қашарын, 200 бұқашығын (яғни 10 айға өсіріп бересің) кері қайтару қажет. Сонда тең жарты мал шаруашылықтың пайдасына қалады.

Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы

 

Ақ Жайықта ангус артуда
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Оқи отырыңыз

‡àãðóçêà...

Соңғы жаңалықтар