06.12.2023, 07:30

Қазақстан математика және жаратылыстану пәндері бойынша ТОП-50 елдің ішіне кірді

Фото: Pixabay

Қазақстандық оқушылар жаратылыстану пәні бойынша өз көрсеткіштерін 26 ұпайға көтерді.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Білім алушыларды бағалау жөніндегі PISA-2022 халықаралық бағдарламасының нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Онда 81 мемлекеттен қатысқан 15 жастағы білім алушылардың математикалық, оқу және жаратылыстану сауаттылығының деңгейі бағаланды. 

Қазақстандық оқушылар жаратылыстану пәні бойынша өз көрсеткіштерін 26 ұпайға көтерді. Сол арқылы қатысушы мемлекеттер арасында ең жоғары өсімге қол жеткізді және математика мен оқу көрсеткіштерін ЭЫДҰ-ның сегіз елімен бірдей деңгейде сақтап қалды. Бұл Қазақстанның математика және жаратылыстану бойынша ТОП-50 елдің ішіне кіруіне мүмкіндік берді.

Қазақстан 81 елдің ішінде математикадан 46-шы (2018 ж. 54-орын), оқудан 61-ші орын (2018 ж. 69-шы), жаратылыстану пәні бойынша 49-шы орынды (2018 ж. 69-шы) иеленді.

Айта кету керек, PISA-2022 нәтижелері бойынша еліміздегі қала мен ауылдық жерлердегі оқушылар арасындағы білім сапасының алшақтығы азайғаны байқалады. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, отандық білім саласының дамуы бірқатар факторларға байланысты.