Қазақ тілінің ғылымға қатысы, ғылымға ден қоюда қазақ тілінің маңызы, сұранысқа ие болуы туралы бұл симпозиумда кеңінен талқыланды.
Қай мемлекеттің тілі заманауи технологиялар мен құралдарда қолданысқа енсе, бұл тілдің өлмейтіні ақиқат. Бүгінде бұл ұғымға ешкімнің дауасы жоқ. Себебі тіл замана ағымымен бірге жасайтын қарым-қатынас құралы. Бұған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумында көзіміз жетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қазақ тілінің ғылымға қатысы, ғылымға ден қоюда қазақ тілінің маңызы, сұранысқа ие болуы туралы бұл симпозиумда кеңінен талқыланды.
Мақсаты ғылым салаларындағы ұлттық мазмұнның сапасы мен деңгейін бағалау, келешекте даму жолдары туралы ұсыныстар тұжырымдау, ғылымның саяси-құқықтық мәселелерін, ұлттық мазмұнын нығайту тұрғысында қарастыру, ғалымдар, ғылыми кадрлар дайындаудағы ғылым мен білім беру аралығындағы арақатынас проблемаларын талқылап, ұсыныстар енгізу, ғылыми тәуелсіздік, ғылым және қазақ тілі мәселелерін жан-жақты талқылау болған жиында көп мәселе көтерілді.
ҚР Ғылым және Жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, цифрлық бағытта қолданылатын тілдің келешегі зор.
«Цифрлық әлемде дамып келе жатқан кез келген тілдің болашағы бар. Мұның себебі – жаңа технологияларды белсенді қолдану. Бір жағынан, халқымыздың дәстүрлі түрде қалыптасқан тарихи, орфографиялық, орфоэпиялық мәдени мұрасын сақтап қалуымыз керек, екінші жағынан, тілімізде жаңашылдықты дамытып, алгоритмді қалыптастырмасақ, ұлттық лингвистикалық жүйеге келтірілген цифрлық форматтағы жүйелерімізді пысықтамасақ, онда, шын мәнінде де тіліміздің болашағы мүшкіл. Биыл біз «Kazakh LLM» жобасын және жасанды интеллект алгоритмдерін құру бойынша жұмыс істеп жатырмыз», – деді министр.
Еске салсақ, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жасанды интеллект саласындағы жаһандық бәсекелестікке қатысуы керек деп шешім қабылдаған еді. Ал біз күнделікті жұмысымызды реттейтін кезде түрлі платформалардағы, телеграм каналдарындағы боттармен сөйлесеміз. Бұл жақта қазақ тілінде жауап беретін боттар жетерлік. Мұның бәрі біздің отандық ғалымдардың еңбегі мен ғылымның саласындағы ілгерілеудің айқын дәлелі.