$ 494.87  520.65  4.91

Суперкомпьютер Қазақстанға не береді?

2023 жылдың қараша айындағы көрсеткіші бойынша АҚШ-та – 161, Қытайда – 104 суперкомпьютер бар.

Фото:  018.kz
Фото: 018.kz

Биыл ақпан айында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ және Presight AI Ltd. компаниясымен Қазақстанда суперкомпьютер жасау жобасының негізгі шарттары туралы келісімге қол қойды. деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Технологиялық инфрақұрылымды (суперкомпьютер) іске қосу Қазақстанның Орталық Азиядағы жасанды интеллектті дамыту саласындағы көшбасшылығын айқындайды және көршілес елдер үшін есептеу қуаттарын жалға алуға мүмкіндік береді деп есептейді министрлік.

Осы жылдың соңына дейін суперкомпьютер жасау жоспары жайында  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурызда Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтты.

«Болашағы зор тағы бір бағыт – IT-технологиялар. Қазақстанда осы жылдың соңына дейін суперкомпьютер жасап, жаңа дата-орталықты іске қосу жоспарланған. Біз Каспий теңізінің түбі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды көздеп отырмыз. Бұл жоба Еуропа мен Азия арасында тағы бір цифрлы дәліз орнатуға жол ашады. Мен жақында «Қазақстан темір жолы» компаниясының Инновация орталығында болдым. Орталық қызметінің арқасында еңбек өнімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін озық технология осы салаға енгізіліп жатыр. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің білікті IT-мамандары жұмылдырылды. Темір жолдың өткізу қабілетінің артуы,  жанар-жағар майдың үнемделуі және компания табысының көбеюі – цифрландыру ісінің нақты әрі көзге көрінетін нәтижесі. Цифрлы экожүйені осылай қалыптастыру керек. Үкімет осы жұмыстың ауқымын кеңейтіп, оны экономиканың барлық саласына енгізуге тиіс», – деді Президент.

Ал 26 наурыз күні Парламент Мәжілісінде жасанды интеллектті қолдану мәселелерін талқылау кезінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин айтты.

«Ең бастысы, есептеу қуатын қалыптастыру керек. Бұл бағыттағы қадамдар бізге қажет болғаннан кейін іске асырылып жатыр. Осы орайда ұлттық компанияларға, университеттерге, мемлекеттік органдарға арнайы хаттарды жолдадық. Яғни қанша есептеу қуаты қажет екенін зерттедік. Сондықтан сұранысқа қарай қазір үш кезеңде суперкомпьютер жасауды және онымен жұмыс істеуді жалғастырып жатырмыз», - деді Қ.Төлеушин.

Вице-министр Қазақстанда бірқатар венчурлық қор құрылғанын және қазіргі кезде осы отандық компанияларды қаржыландыратын тиісті қорларды құру жұмыстары атқарылып жатқанын айтты. Бұл тұрғыда қаражаттың басым бөлігі жасанды интеллектіні дамытуды қаржыландыруға бөлінеді.

«Суперкомпьютерді құрудың бірінші кезеңінде жұмысты тоқтатпау үшін есептеу қуатын шетелден жалға алу ескерілген. Бұл жұмыстар басталды. Екіншіден, тиісті чиптерді сатып алып жатырмыз. Ол үшін «Самұрық-Қазына мен G42 компаниясы арасында бірлескен кәсіпорынды құрдық. Аталған кәсіпорын суперкомпьютерді биыл іске қосады. Үшінші кезеңде суперкомпьютерге арналған деректерді өңдеу орталығының құрылысын жүзеге асыру жоспарланған. Сұраныс жоғары болса, үшінші кезеңді кеңейтілген тәртіпте іске асырамыз», - деді вице-министр.

Бұған дейін Бағдат Мусин AI-ды (Жасанды Интеллект) экономиканың барлық салаларына, сондай-ақ электрондық үкіметке енгізу мүмкіндігі үшін өзіміздің ұлттық LLM (үлкен тіл үлгісі) құрудың маңыздылығын атап өтті.

"Министрлік Назарбаев университетімен, "Тіл-Қазына" қорымен және басқа да мекемелермен экономика салаларында және электрондық үкіметте жасанды интеллектіні кеңінен қолдану үшін "Kazakh LLM" құруға дайындық жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ Қазақстанның стартаптарына, институттарына және ғылыми орталықтарына есептеу қуатына қолжетімділікті қамтамасыз ету механизмін әзірлеу бойынша бірлескен жұмыс ұйымдастырды", - деп хабарлайды министрлік.

Нарықта жасанды интеллектіні енгізумен айналысатын бірқатар стартаптар мен жетілген компаниялар пайда болды, мысалы: Cerebra, ForUS.Data, GoatChat.AI, Higgsfield AI, AI Labs, Sergek Group және т.б.

Табысты жағдайлардың бірі – жеделдетілген режимде инсульттің автоматтандырылған диагностикасын жүзеге асыратын отандық Cerebra платформасы. Қазақстанда сәтті сынақтан өткеннен кейін жоба Өзбекстан нарығына шықты.

Суперкомпьютер – үлкен көлемдегі мәліметтерді өңдеуді және көптеген есептеу операцияларын орындауды талап ететін есептерді шешуге қабілетті, өнімділігі жоғары есептеуіш машина. Суперкомпьютер триллиондаған, кейде квадриллиондаған (15 нөлден тұратын сан) есептеу операцияларын орындай алады.

Әлемдегі ең қуатты 500 көпшілікке танымал суперкомпьютерді бағалау және сипаттау жобасы – TOP500 дайындаған рейтингтің 2023 жылдың қараша айындағы көрсеткіші бойынша суперкомпьютерлері ең көп елдер тізімі төмендегідей:

АҚШ – 161 суперкомпьютер, Қытай – 104, Германия – 36, Жапония – 32, Франция – 23, Ұлыбритания – 15, Италия – 12, Оңтүстік Корея – 12, Нидерланды – 10, Канада – 10, Бразилия – 9, Сауд Арабиясы – 7, Ресей – 7.

Әдетте, суперкомпьютерлер кәдімгі компьютердің шамасы жетпейтін, өте күрделі жобаларда қолданылады. Мысалы, суперкомпьютерлер күрделі математикалық есептерді шешеді - олар аэродинамикалық процестерді (ұшақ айналасындағы ауа ағыны) есептейді, ғарыш объектілерінің траекториясын есептейді, химиялық модельдеу және ядролық зерттеулер үшін қолданылады.

Жылдан жылға суперкомпьютерлердің қолдану аясы кеңейіп келеді. Тіпті «ауыр» кескіндермен жұмыс істегенде де қолданылады. Мысалы, суперкомпьютердің көмегімен Digital Globe Жер шарының  спутниктен түсірген суреттерін өңдеу және талдау уақытын қысқартты. Бұрын дәл осы жқмыс бірнеше ай уақыт алатын болса, қазір бір аптада дайын болады.

Орталықтандырылған суперкомпьютер деп – барлық маңызды құрылғылар бір есептеу орталығына қосылған модельді айтады. Бұл модель "бұлтты модель" деп те аталады. Суперкомпьютерлердің өзі желіге қосылған көптеген серверлерден тұрады және олар бүкіл компьютерлік бөлмелерді алып жатқан дербес деректер орталықтарында орналасады.

Мұндай есептеу жүйелерімен жұмыс істеу мүмкіндігін, мысалы, Amazon компаниясы қамтамасыз етеді. Ұйымның бөлімшелерінің бірі үлкен есептеу қуатын жалға алуға және өзіңіздің қымбат жабдықты сатып алмауға мүмкіндік беретін қосымша сақтау қоймасын (бұлт) әзірлеуде. Бұл қызметті, атап айтқанда, Сан-Францискодағы Калифорния университетінің информатика бөлімі пайдаланады.

Университет ғалымдары биомолекулалық зерттеулердің бір бөлігі ретінде ақуыздардағы функционалдық учаскелерді болжау үшін суперкомпьютерді пайдаланады. Олар Amazon деректер орталығында орналасқан суперкомпьютерге қосылып, оның көмегімен есептеулер жүргізеді. Кәдімгі компьютерлерде осы іспетті есептеулер бірнеше аптаға созылады, ал суперкомпьютерде бұл есепке бір күннен аз уақыт кетеді.

Дегенмен, орталықтандырылған суперкомпьютердің кемшіліктері де бар. Негізгі мәселелердің бірі - деректер көзінің аналитикаға жауапты деректер орталығынан қашықтығы.

Деректер орталығы неғұрлым алыс болса, деректер мен нұсқауларды орталық жадыдан суперкомпьютерге және кері тасымалдауға соғұрлым ұзақ уақыт кетеді. Кешігу тек бірнеше миллисекундты құрайды және бір қарағанда болмашы ғана уақыт, бірақ соның өзі  қолайсыздықтар тудыруы әбден ықтимал. Мысалы, дәл осы сәтте деректердің үлкен көлемін өңдеу қажет болса, тіпті шағын кідірістер өңделген ақпараттың өзектілігін жоғалтуға себеп болуы мүмкін.

Тағы бір мәселе орталықтандырылған суперкомпьютерге қосылған құрылғылардың бірі немесе бір компоненттің істен шығуы бірден бірнеше жүйені өшіруі мүмкін. Яғни, ақаулық орын алған жағдайда (ол жойылмайынша) суперкомпьютердің қуатына ешкім қол жеткізе алмайды.

Бұл мәселелерді тезірек, сенімдірек немесе күштірек аппараттық құралдар ғана емес, сонымен қатар орталықтандырылмаған есептеулер де шеше алады. Орталықтандырылмаған жүйелерге басқа компьютерлердің жұмысын басқаратын құрылғылар кірмейді. Мұндай желіге қатысушылардың барлығы тең құқықтарға ие.

Алпауыт елдер әлдеқашан құрып алған суперкомпьютер жүйесінің елімізге берері көп-ақ. Суперкомпьютерді ғылыми зерттеу институттарында, инженерия, медицина, құрылыс, әскери қару-жарақ және аэроғарыш өнеркәсібінде қолдануға  болады. Ал бұл салалардың қай-қайсысы болмасын дамып, алға басса экономикамыздың нығаюна себеп болары анық.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушиннің айтуынша, елімізде  суперкомпьютер жасаудың алғышарттары ретінде жасанды интеллект орталықтары құрылуда.

«Қазір жасанды интеллект орталығын құру жұмыстарына кірістік. Бұл орталық әлемдегі алдыңғы қатарлы тәжірибені пайдалануда тиісті платформа қызметін атқарады. Осы жұмыстар Astana Hub-пен бірге іске асырылады. Бұл жұмыстар аясында саладағы таланттарды даярлауға және адами капиталды дамытуға ерекше екпін қойылмақ», - деді Қ. Төлеушин.

Оның айтуынша, жыл сайын 1000 жасанды интеллект маманын дайындау мақсат етіліп отыр.

«Біз жасанды интеллект саласында жыл сайын 100 стартапты іске қоса отырып, жылда 1000 жасанды интеллект маманын дайындауды мақсат етіп қойдық. Сонымен қатар, 2026 жылға қарай жыл сайын осы салада 1 миллиард доллар экспорттық кіріске қол жеткізу міндетін белгіледік», - деді вице-министр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары