25.04.2024, 22:30

Биыл соңғы қоңырау шарасы жаңа форматта өтеді

Фото: qazaqstan.tv

Су тасқыны болған өңірлердегі сабақ қашықтан ұйымдастырылған балалар үшін сынып сағаттары онлайн форматта болады.

Қазақстандағы барлық мектепте оқу жылының аяқталуына арналған бірыңғай сынып сағаты өтеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оқу-ағарту министрлігінің Telegram-дағы арнасындағы мәлімет бойынша 2023-2024 оқу жылын 3,8 млн-нан астам қазақстандық оқушы аяқтайды, оның 186 мыңы – жас түлек. Биылғы оқу жылының ұзақтығы 34 аптаға созылып, оқу 25 мамырда аяқталады.

«Су тасқынына және 25 мамырдың демалыс күніне сәйкес келуіне байланысты 24 мамыр күні барлық мектептерде сабақта 2023-2024 оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаты ұйымдастырылады. Онда сынып жетекшілері оқушылармен бірге өткен оқу жылын қорытындылайды. Су тасқыны болған өңірлердегі сабақ қашықтан ұйымдастырылған балалар үшін сынып сағаттары онлайн форматта болады», - деді Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті директорының орынбасары Қарлығаш Құрманбекова.

11 (12)-сынып түлектеріне аттестат тапсыру және ерекше үлгідегі «Алтын белгімен» марапаттау 19-22 маусым аралығында мектептердегі барлық емтихандар аяқталғаннан кейін өтеді. Бұдан бөлек министрлік өкілдері 9-11-сынып түлектерінің қауіпсіздігін және емтихандарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету мақсатында ақша жинауға, салтанатты іс-шаралар, банкеттер ұйымдастыруға және автомобильдермен шығуға тыйым салынатынын ескертті.