Ағымдағы жылдың соңына дейін апатты мектептер картасы әзірленеді. Бұл туралы бүгін білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz.
— Үш ауысыммен сабақ беретін және апатты мектептерді жою жұмыстары жалғасуда. Оларды жергілікті атқарушы органдармен және жеке сектормен бірлесіп 5 жылдық мерзім ішінде жоюдың кезең-кезеңдік жоспары жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылдың соңына дейін апатты мектептер картасы әзірленетін болады, — деді Г.Әбдіқалықова өз сөзінде.
Оның айиуынша, картада өңірлердегі барлық апатты мектептер және олардың жыл сайын жойылу мүмкіндігі анық көрсетілуі тиіс.
Жалпы, ағымдағы жылдың 1 тамызында елімізде 176 апатты мектеп қалып отыр. Ал жыл басында олардың саны 180 мектеп болатын. Бұдан бөлек, жыл басында үш ауысыммен сабақ беретін 104 мектеп болса, 1 тамызда олардың 103-і қалды.
— 2014-2016 жылдары 258 мектеп салу жоспарланған. Олардың 192-сі 141,3 млрд. теңге республикалық бюджет қаржысы есебінен салынады, — деді вице-премьер.