Бүгін Астанада «Нұр Отан» партиясы және Global Shapers Сommunity қолдауымен Дүниежүзілік экономикалық форумның бастамасы – «Shape Eurasia 2014» форумы басталды, деп хабарлайды Baq.kz.
6-7 қыркүйек аралығында өтетін «Shape Eurasia» форумы Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.
Астана форумы әлемнің 45 елінен 100-ден астам жас көшбасшыны жинады. Олар «Мультимәдени және дінаралық сұхбатты қалай құру керек?» тақырыбын талқылайтын болады.
Форумның күн тәртібіне замананың аса маңызды төрт сын-тегеурінін талқылау енгізілді: - Этносаралық және дінаралық сұхбатты қалай құру керек?
- Жастар үшін әлеуметтік лифттерді қалай дамытқан жөн?
- 21 ғасырдың халықаралық білім беру жүйесі қандай болуы керек?
- Жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін не қажет?
Форум аясында Global Shapers қауымдастығының серіктестері The Coca-Cola Company компаниясы мен The Abraaj Group инвестициялық компаниясының жетекшілерімен секциялық кездесулер болады.
Екінші күні шейперлер Қазақстан туралы өз әсерлерімен бөлісіп, форум қорытындыларын жасайды.
Анықтама үшін: Global Shapers Community – Дүниежүзілік экономикалық форум бекіткен 20 мен 30 жас аралығындағы әлемдік көшбасшы жастар қауымдастығы. Жобаға кез-келген мамандық иесі қатыса алады.
2012 жылы 20 желтоқсанда Астана қаласында Жас лидерлер қауымдастығы орталығының (Global Shapers Community) ашылу салтанаты болып өтті. Бүгінгі таңда Астанадағы орталық құрамында Астана мен Алматы қалаларының 20-ға жуық шейпері бар.