$ 513  541.16  4.69

Алматы облысының студенттері Польшада тегін оқитын болды

Алматы облысының 65 студенті Польшада тегін оқитын болады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бастаған жетісулық делегацияның Польша Республикасының Люблин воеводтығына жасаған сапары барысында келісілді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл сапардың басты мақсаты - Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өткен жылы Польша Республикасына жасаған сапарындағы келісімдерге орай еларалық ынтымақтастықты дамыту. Осы сапар барысында өңіраралық әріптестік байланыстарды одан әрі нығайту туралы келісімдер жасалды.

Делегация мүшелері Люблин воеводтығының маршалегі (басшысы) Славомир Сосновскиймен кездесіп, Люблиндегі ауруханада, балалар емханасында, Экономика және инновация Жоғарғы мектебінде, Бяла-Подляска қаласындағы медициналық орталықта болды.

Бағдарлама барысындағы шаралар нәтижесінде екі тарап Қазақстанның 35 студентін орта буынды медицина қызметкерлерін еуропалық бағдарламамен дайындау мақсатында 3,5 жыл Люблин және Бяла-Подляска қалаларындағы поляк университеттерінде оқыту жөнінде шешімге келді. Сонымен қатар экономика, менеджмент және информатика бойынша 30 маманды оқыту туралы да келісілді. Қазақстандықтардың оқуы мен Польшада тұру шығындарының барлығын поляк жағы көтеретін болады.

Люблин воеводтығының маршалегі бастаған поляк кәсіпкерлерінің бір тобы биылғы жылдың қыркүйек айының басында Астанаға ЭКСПО-2017  көрмесіне келуді жоспарлап отыр. Өз кезегінде қазақстандық делегацияның жетекшісі ұзақ мерзімді өңіраралық ынтымақтастықты орнықтыру мақсатында поляк өкілдерін Алматы облысына сапарлап келуге шақырды.

Сондай-ақ 2017 жылғы 25 шілдеде Варшавада Қазақстанның Польшадағы Төтенше және Өкілетті елшісі Марғұлан Баймұхан мен Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың Польша даму вице-министрі әрі Қазақстан-Польша экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Тадеуш Косцинскиймен кездесуі өтті. Кездесуде қос тарап өзара қарым-қатынастың өңіраралық деңгейі жөніндегі мәселелерді талқылады. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары