Биыл сәуір айында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көргелі бері қазақ қоғамы латынға көшу мәелесін жаппай талқылап жатыр. Ана тілімізге жасалғалы жатқан аса маңызды реформа Елбасының мақаласында жазылған. Сол уақыттан бері Парламент депутаттарынан бастап, мектеп мұғалімдеріне дейін жаңа әліпбиге қатысты өз пікірлерін білдіруде.
Осындай алқалы жиындардың бірі Алматыдағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында өтті. Ғалымдар латын әліпбиіне көшу жөніндегі идеяны қолдау мақсатында «Қазақстанда латын әліпбиінің енгізілуі: ұлттық бірегейлік пен рухани жаңғырудың негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
«Ғылым ордасы» МҚК және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Тарих, археология және этнология факультетінің қолдауымен өткізілген басқосуда танымал ғалымдар, ҚР ҰҒА академиктері Серік Қирабаев, Уәлихан Қалижан, ҚР Президенті архивінің директоры, техникалық ғылымдар докторы Борис Жапаров, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Тарих, археология және этнология факультетінің деканы Меңдігүл Ноғайбаева, профессорлар Қ.Жұмағұлов, Н.Мұқаметханұлы, Б.Кәрібаев, сондай-ақ, ҚазҚызПУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, ҚР Ұлттық кітапханасының және Алматы қаласы ғылыми қауымдастығының өкілдері, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы Бейбіт Қойшыбаев, «Ақ жол» демократиялық партиясы Алматы филиалы Кеңесінің мүшесі А.Жұмәділ, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, магистранттары мен докторанттары қатысты.
Дөңгелек үстел аясында ҚР Президенті мұрағаты 1928-1940 жылдардағы құнды тарихи құжаттар көрмесін, «Ғылым ордасының» орталық ғылыми кітапханасы латын қарпіндегі сирек кітаптар көрмесін ұйымдастырды. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор Зиябек Қабылдинов өз сөзінде: «ҚР Президенті Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін, мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас ұлт болу үшін рухани жаңғыруымызға, ұлттық бірегейлігімізі сақтауымызға жөн сілтеп отыр. Рухани жаңғыруға нық қадам жасап, болашаққа сеніммен бет алу үшін алдағы уақытта қолға алатын міндеттерді де саралап берді. Олардың арасында таяу жылдары жүзеге асыруға кірісетін нақ жобалардың арасында – қазақ жазуын латын әрпіне көшіру мәселесі. Елбасымыз «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деп көрсете келе, мақаласында қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау, екі жыл мерзім аралығында осы мәселеге қатысты ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізуді жүктеген еді. Сондықтан еліміздің рухани жаңғыруының негізі болып табылатын латын әліпбиіне қатысты халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қолдау білдіру қай-қайсымыздың да парызымыз» деді.
Жиынға жиналғандар жаһандану үрдісіндегі латын әліпбиінің қолданыс аясының маңызы, латын әліпбиіне көшу жолдары мен енгізу жолдары, тарихи тамырлары мен әлемдік тәжірибесі, латын әліпбиінің мүмкіндіктері мен болашағы турасындағы мәселелерді талқылай отырып, латынға көшу жөніндегі президенттік бастамаға толықтай қолдау көрсететіндерін жеткізді, сондай-ақ, жаңа әліпбиде пайдаланылатын әріптерді дұрыс таңдау жөніндегі өз ұсыныстары мен тілектерін ортаға салды.
Мира Байбек.