Алматы әкімдігінің және Агротехнологиялық хабтың ұйымдастыруымен бүгін "оңтүстік астанада" кезекті ІІ «Central Asian AgTech Summit‘2017» Ортаазиялық Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың инновациялық бағыттары туралы Агротехнологиялық саммит өтті.
Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған ауқымды шараға биыл да мемлекеттік орган басшылары, «Нұр Отан» партиясы мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, АҚШ, Еуропа, Азия мемлекеттерінің белді эксперт-ғалымдары қатысты.
Агроөнеркәсіп кешенінің келешегін сарапқа салған халықаралық жиында жетекші кәсіпорын мен агроқұрылымдардың 137 өкілі, 108 мемлекеттік мекеме, 102 бизнес-құрылым, 44 ҒЗИ, 26 қаржы инстиуты, АҚШ, Германия, Австрия, Италия және ТМД елдерінің он бес жетекшісі, ЖОО мен ғылыми орталықтарының мамандары бас қосып, жаңа біліммен, инновациялық технологиялар трансфертімен, озық тәжірибелерімен алмасу бағыттары бойынша келелі кеңес құрды.
Айта кету керек, Саммит жұмысы барысында белсенділік танытып, білікті мамандар мен құрметті қонақтардың арасында Доктор Томас Селлучи, Корнель университетінің (АҚШ) өсімдіктерді генетикалық зерттеу бөлімінің жетекшісі Дженнаро Фазио, Мичиган университеті, Жерді бақылау және ғаламдық өзгерістер орталығының, Қытайдағы бағдарламалар офисінің (АҚШ) директоры Джиягуо Чи, Азия Даму банкінің Қазақстандағы тұрақты өкілдігінің директоры Джованни Капаннелли, БҰҰ (БФА) Ауылшаруашылық және азық-түлік ұйымының өкілі, агробизнес жөніндегі сарапшы маманы Инна Пунда, Қазақстанның ӘӘК генерал-майоры, Қазақстанның Халық қаһарманы, қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов, «Нұр Отан» партиясының идеологиялық мәселелер бойынша хатшысы Фархад Куанғанов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев және т.б. болды.
– Бүгінде елімізде Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен экономиканың басты салаларының бірі – агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Мемлекет тарыпнан азық-түлікке деген ішкі сұраныстың 80% отандық өнімдермен қамтамасыз ету, экспортқа шығаратын ауылшаруашылық өнімдер көлемін ұлғайту талабы қойылып отыр. Оның басты себебі – әлемдегі азық-түлікке деген сұраныстың жалдан-жылға өсуі. Осы күні әлем халықтарын алаңдатып отырған шұғыл мәселенің бірі – азық-түлік қауіпсіздігі. Халықаралық азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (ФАО) ақпараты бойынша бүгінде әлем бойынша өндірілген азық-түліктің 30-40 пайызы өнімнің сапасының төмендігінен, стандарттарға лайықсыздығынан нарыққа жетпеді. Ғалымдардың ғылыми-зерттеу нәтижелеріне сүйенсек 2050 жылы дүние жүзіндегі халықтың саны 9 миллиардқа жетеді. Демек, азық-түлік өнімінің көлемі 70 пайызға жоғарылатуды қажет етеді, - дейді ҚазҰАУ ректоры, академик Тілектес Есполов.
Ректордың мәлімдеуінше, Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялау үрдісін іске асырып отырған оқу орны базасында 2016 жылы Агротехнологиялық хаб құрылған. Бұл – университет дамуының жаңа сатыға көтерілуіне мүмкіндіктер беруде. Халықаралық талаптарға сай құрылған Агротехнологиялық хаб аясында импорт алмастыру мақсатында экспортқа бағытталған өнім өндірісін ұлғайту, шетелдің озық технологиясын тарту үшін орындалатын зерттеулер сияқты өзекті мәселелерді инновациялық жолмен шешуге барынша жағдай жасалған.
Айта кетейік, Агрохаб құрамына Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Корей инновациялық орталықтары, Инновациялық жылыжай, Су проблемаларын зерттеу инновациялық орталығы, Инновациялық-индустриялдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы – ИИДМБ-2 аясында құрылған зертханалар, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталығы, жеті ғылыми зерттеу институты, мамандандырылған кафедралардың жанындағы отыз бір ғылыми зертхана, Жоғары фермерлер мектебі, Экстеншн орталығы кіреді.
- Қазіргі кезде Агротехнологиялық хаб негізінде АҚШ, Еуропа, Азия мемлекеттеріндегі ғылыми орталықтармен тығыз әріптестік байланыстар орнатылып, әлемнің он үш беделді жоғары оқу орындарымен қос дипломдық білім беру бағдарламасы іске асырылуда. Мысалы, Корнель университетімен жергілікті алманың перспективті сорттарының гендік қорын зерттеу, Колумбияның NASA университетімен, АҚШ-тың Мичиган штаты университетімен климаттық модельдеу арқылы дәнді дақылдардың өнімділігін жоспарлау мәселелері бойынша бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, Америка, Қытай, Ресей ғалымдарымен бірге зиянкестер мен сортаңдарды алдын-ала анықтау бойынша, «Геоскан» және NASA ғалымдарымен агроөндірістік кешеніндегі тәуекелдердің ортақ жүйесін құру бойынша жобалар жүзеге асуда, - деп мәлімдеді академик Тілектес Есполов.
Саммит аясында қатысушылар ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін көтеру жолдары мен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді алға тартты. Сондай-ақ, аграрлық секторды дамытудың барлық саласы бойынша ғылыми және тәжірибелік қызметтерімен бөлісіп, түйінді мәселелерді талқылап, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Саммитте университет ғалымдары мен Агрохаб қызметкерлері университеттегі жаңа технологиялар мен білімді жедел трансферттеуге арналған сандық талдау орталығының жұмыс нәтижелерімен танысты.
Алдағы уақытта Саммит қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар әзірленіп, агроөнеркәсіп кешеніндегі маңызды мәселелер мен оларды шешу жолдары турасында арнайы Қарар қабылданып, Қазақстан Үкіметі мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне, аграрлық салаға маманданған өзге де шет елдік ұйымдарға нақты ұсыныстар жолданатын болады.
Айымхан Әмірбекқызы