Алматыда Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдрасиловтың қатысуымен Ә.Марғұлан атындағы Археология институты мен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» атты Республикалық дөңгелек үстелі өтті.
Іс-шараның мақсаты «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасына енгізу үшін нысандарды іріктеп, ғылыми негізделген өлшемдерді әзірлеудегі өзекті мәселелерді талқылау. Сондай-ақ, нысандардың соңғы тізімін қалыптастырып, қазақстандық қоғамды рухани жаңғырту, ұлттық сәйкестікті нығайту үшін аса маңызды Қазақстан халқының киелі мәдениеті мен географиялық ескерткіштерін ғылыми, теориялық және практикалық тұрғыдан зерттеу.
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің өкілдері – Карл Байпақов, Серік Әжіғали, Борис Жапаров секілді жетекші ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, гуманитарлық бағыттағы ғылыми зерттеу институтының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел аясында төмендегі мәселелер талқыланды:
- Қазақстанның киелі нысандарының түпкілікті тізімін қалыптастыру бойынша жобаның орындалуы;
- Қазақстанның киелі географиясы жөнінде нысандарды іріктеудің ғылыми негізделген өлшемдері туралы;
- Киелі археологиялық ескерткіштердің ерекшеліктері;
- Қазақстанның ескерткіштерін дамыту және Қазақстанның «киелі географиясы» мәселелері туралы және т.б.
Дөңгелек үстел аясында «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасына бірнеше нысандар енгізіліп, ғылыми еңбектің тұсаукесері болды. Жетекші ғалымдар өздерінің зерттеу тәжірибелерімен бөлісіп, өз жұмыстарының нәтижелерін көрсетті.
- Мұндай дөңгелек үстелдер аясында шешілетін өзекті мәселелер өте көп. Мәселен, Қазақстанның ескерткіштерін дамыту және киелі жерлерінің географиясын толық қалыптастыру. Өсіп келе жатқан ұрпақ үшін тарихымызды насихаттау парызымыз. Бабалардың аманат етіп қалдырған жерін, елін сыйлауды, жастарға үлгі етуіміз қажет. Осындай шаралар арқылы жастарға ой тастап, құндылықтарымызды түгендеуіміз керек. Бұл да, біздің Елбасы айтқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жасалынып жатқан дүниелердің бірі, - деді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов.
Айымхан Әмірбекқызы