Әр жылдың 17 қарашасы бүкіл әлем елдері Студенттер күнін атап өтеді. Халықаралық студенттер күні Қазақстанда да назардан тыс қалған емес. Бұл күні мерекелік концерттер емес, әдетте ғылыми байқаулар жиі өткізіледі. Өйткені, бұл аты айтып тұрғандай ізденімпаз жастарға арналған атаулы күн.
Осыған орай бүгін Алматы қаласы Әуезов ауданындағы Алматы гуманитарлық-коммерциялық колледжде аудандағы арнайы орта оқу орындарының студенттері арасында интеллектуалды марафон өтті. Шараны аудан әкімдігіне қарасты Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырып отыр. Шара Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған. Елбасының аталған мақаласында жастардың біліктілігін арттыруға, олардың бәсекеге қабілетті болуына ерекше көңіл бөлініп, үкіметке бірқатар тапсырмалар берілген болатын. Бүгінгі білім марафонын сол тапсырмаларды орындау аясында іске асты деуге де болады.
Қазіргі қоғамда студент жастарының пікірімен санаса отырып, жастардың озық ойы мен талпынысына және ізденісіне қолдау көрсету, қоғамдық жұмыстарға белсенділігін арттыру. Сонымен қатар, бұл ойын мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатымен, өзін-өзі көрсете алатын, нақты өмірлік жағдайларда өзінің міндеттерін шешу үшін, үш тілде де ауызша сөйлей алатын, әдеп нормасын сақтап, адамдармен қарым-қатынас жасай алатын жеке тұлға тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған.
Ойынға Әуезов ауданында орналасқан 5 арнайы орта оқу орындарының оқушылары қатысты. Сайыс барысында, әр қатысушы өзара «Байге», «Ғажайып жетілік», «Қиял әлемінде», «Полиглот» және «Жорға» сияқты бес кезең бойынша өздерінің білімділігін, белсенділігін, өнерпаздылығын, тапқырлығы мен ой-өрісін көрсете білді.
Ойын қорытындысы бойынша, бірінші орынды Алматы қызмет көрсету және тамақтану саласындағы инновациялық технологиялар колледжінің оқушысы Дана Әлібек иеленді. Екінші орынға ЕуразНИ жанындағы қаржы-экономикалық колледжінің қатысушысы Ұлдана Бақтыбай ие болса, үшінші орынды Алматы гуманитарлық-коммерциялық колледжінің оқушысы Айдана Құрамай жеңіп алды. Сайыста жоғары ұпай алған қатысушылар финалға шықты.
Жеңімпаз топтарға Әуезов ауданы әкімінің мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтары табысталды. Ойын соңында, келген қонақтар, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға өз алғыстарын білдіріп, бақ-береке, ырыс-ынтымақ, амандық пен тыныштық тіледі.