07.12.2017, 12:05

Алматыда «Үздік тәлімгер-2018» байқауы өтті

Өмірде қасиетті екі адам болса, оның бірі – ана, екіншісі, әлбетте – мұғалім. Қазақ халқы ұстазды ертеректен қадір тұтқан, ең сыйлы және құрметті адамдардың қатарына жатқызған. Алайда, соңғы бірер онжылдықта қоғамда мұғалімдердің беделі төмендеп барады. Сондықтан, Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында осы проблеманы көтере отырып, мұғалімдердің мәртебесін көтеруді тапсырды.

Елбасының осынау идеясын жүзеге асыру мақсатында еліміздің әр аймағында түрлі шаралардың өтіп жатқаны белгілі. Солардың бірі Алматының Түрксіб ауданында өтті. Жыл сайын өтіп, дәстүрге айналған «Үздік Тәлімгер» биыл да аудандағы өз үздіктерін анықтап отыр. Шара «Жас Ұлан» республикалық біріңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының жетекшілеріне арналғанын айта кету керек.

Байқаудың басты мақсаты – «Жас Ұлан» Республикалық біріңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының оқушыларына жаңа бағыт беріп, биік мәдениетке тәрбиелеу үздік тәлімгерлердің үздіксіз ізденуінің нәтижесі екендігін насихаттау,тәлімгерлердің кәсіби деңгейін көтеру, тәлімгер мамандығының беделін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау, оларды мадақтау және қоғамда тәлімгер мамандығы туралы оң көзкарас қалыптастыру.

Байқауға  Алматы қаласы Түрксіб ауданының жалпы білім беретін мектептерінің тәлімгерлері қатысты.

Ұстаздар сайысы 3 кезеңнен тұрды:

«Біргеміз, берік іргеміз» балалар ұйымының креативті таныстыруы. Бұл айналымда үміткер – тәлімгер өзін қызықты етіп, шығармашылық шеберліктерін таныта отырып таныстыруы тиіс. «Мен – өз ісімнің шеберімін», яғни,  «Жеті бағыт»  бойынша жұмыстарын көрсету. Бұл бөлімде қатысушы өз жұмысын, яғни, тәлімгерлік қызметті таныстыруы тиіс. «Мен – болашақ ұрпақ тәлімгерімін», яғни,«Үй тапсырмасы» музыкалық-шығармашылық өнер көрсету.

Жалпы, барлық тәлімгердің бұл байқауға үлкен дайындықпен келгендігі байқалды. Байқау қорытындысы төмендегідей:

Бас жүлдені №195 мектептің тәлімгері – Бажикова Айгүл,

І орынды  №44 мектеп-гимназиясының өкілі – Әбдірахманова Бибігүл,

ІІ орынды №20 мектептен Сәрсенбай Әсел,

ІІІ орынды №49 мектептен Әмірқожаева Ақбота, №32 мектептен Биназарова Айгүл, №31 мектептен Ақбержанова Айдана иеленді.

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері Алматы қалалық байқауына қатысып, өз бақтарын сынайтын болады.