$ 494.87  520.65  4.91

Жаңа әліпбиді қорғаған бір ғалым болмады – Серік Әбікен

«Ұлттық комиссия әзірге латын таңбасына қатысты нақты шешім қабылдаған жоқ. Сондықтан газет немесе басқа жерлерде апостроф қолдануға әлі ерте». Бұл Қазақстандағы екінші адам – Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2017 жылдың 18 желтоқсанда Twitter-ге жазғаны. «Екінші адам» дейтін себебім, ҚР Конституциясының 48 бап, 1-тармағында  «Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен мерзімінен бұрын босаған немесе кетірілген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Республика Президентінің өкілеттігі қалған мерзімге Парламент Сенатының Төрағасына көшеді...» деп жазылып тұр, іс жүзінде қалай екенін құдай білсін, ал Заң жүзінде Қ.Тоқаев елдегі президенттен кейінгі құдіретті, құрметті адам деп жазады ratel.kz.

Осылайша апострофты әліпбидің әлегі Тоқаевты «әу» дегізді, біраз адамды «Уау!» дегізді. Ең бірінші «Уау! Ура!» – деген А.Байтұрсынұлы институтының басшысы, осы әліпбилерді ұсынып жүрген жұмысшы топтың жетекшісі Ерден Қажыбек болды.  Қызық, ә?! Қазақ тіліне төніп келе жатқан апострофа..., кешіріңіздер, катастрофаны  көре тұра осыған дейін неге «Мынау болмайды!» – деп  атой салмады екен... Балақтағы үтірді басқа шығарған әліпбидің тиімсіз екенін түйсігі бар қазақ түгел айтқанда  Е. Қажыбек те, Е. Тілешев те «аспострофты әліпби әлі толық нұсқа емес», – десіп екіұштылау жауап беріп құтылған.

Әліпби әзірлеуге жетекшілік етіп жүр дегендердің аузын аңқитып қойып белгісіз нұсқа өтіп кетті дегеннің өзі парадокс емес пе? Мейлі, пікірлестер қатарына  Қ. Тоқаевтай «ауыр артиллерия» қосылған соң ендігі уақытта ашық майданға шығар... Мені қызықтыратыны: осы әліпбидің авторы кім? «Бұл менің нұсқам, қазаққа тән, дыбыстық талаптарға, жазуға да сай!» – деп ұрандап шыққан, қорғаған бір ғалым жоқ. Сонда ол әліпбиді президенттің алдына кім апарды, 27 қазанда шыққан Жарлыққа кім қосымша етіп тіркеді әлде тіркетті?

Жарлықты ұстап, жауапкершілік арқалап шыққан ПӘ-дегі Ә.Жақсыбеков пен М. Тәжиннің  ана тілінде әліпби жасай алатындай қазақшаға жүйрік екеніне шүбәміз бар. Енді кім қалды? Болашақта бүкіл қазақ күліп отырып жауап іздейтін «Ғасыр жұмбағы» осы болар. Әліпби ауыстыру 2025 жылға дейін созылатын, миллион, миллиардтаған ақша бөлінетін үлкен шаруа. Осы қаржының құлағын ұстау үшін бір қу апострофты аферасын жүзеге асырмақ болды-ау? – деген жаман ой бар.  Ол итақай тірлік әлі аяқталған жоқ, сөзіңді ұзартар әліпбиден толық бас тартпай әлгінің тұзағынан құтылдым деуге болмас. Телеарналардың шекесіне, газеттердің төбесіне шығып үлгерген апострофтың «балалау» процессі тым жылдам. Әлгі аферист алақанын ысқылап отыр-ау... 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары