26.12.2017, 05:19

Назарбаев латын әліпбиінің жаңа нұсқасына қатысты пікір білдірді

Назарбаев қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасына қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, латын әліпбиін енгізуге әлі уақыт бар екенін айтты.

"Қазақ әліпбиін латынға көшіру туралы халықпен, зиялы қауыммен ақылдастық, тарихшы ғалымдармен, филологтармен жан-жақты талқылап, бірыңғай жүйеге тоқтадық. Соңғы нұсқа көрсетілді, соны бекіттім. Алайда, әзірше жаңа әліпбиді толықтай енгізіп, жұмыс істеуге уақыт бар. Сондықтан барлығы шешіліп қойған мәселе деп ойламау керек. Дәйекше дұрыс па, түрлі нұсқадан таңдау немесе түрік бауырлардың әліпбиін алу туралы әлі де қызу талқыланып жатқанын білемін. Меніңше, әліпби компьютерлік үлгіге сәйкес келуі тиіс. Осы үшін жасадық. Сондықтан қазіргі нұсқаны дұрысы деп есептеймін", – деді Елбасы.

Еске салайық, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың 27 қазанында қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Қаулы Ақорданың сайтында жарияланған еді.